«Атамекен» ҰКП сьезінде бірқатар жоба сараланды
Елде бизнесті кеңейтуге, жаңа салымдар мен инвесторлар іздеуге қатысты 2 жарым мыңға тарта әлеуетті жоба сараланды.
Сондай-ақ жалпы құны 109 млрд теңге болатын 12 жоба сәтті іске қосылды. Шағын және орта бизнес тап болатын кедергілер де жойылды. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 14-съезінде айтылды.
Тексеру бизнеске кедергі болмауы керек
2027 жылдың бірінші қаңтарынан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізіледі. Мұны Президент биылғы Жолдауында тапсырды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев «бизнестің дамуына сыртқы кедергілер бөгет болмауы тиіс» дейді. Палата тарапынан проблемалық сұрақтардың 77 пайызы шешілген. Биылдың өзінде шешімін тапқан түйткіл саны бес жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Ендігі мақсат – кедергілердің қайта туындауына жол бермеу. Сол себепті бақылау жүйесін өзгерту қажет. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тексерулерге мораторий осы жаңашылдыққа негіз болатынына сенімді. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау басты міндет. Бір жылда бизнестің 71 млрд теңге көлеміндегі мүліктік мүддесі қорғалды. Ал түйткілдер арнайы реестрге жинақталған.
Аслан Қалиғазин, «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі - Басқарма төрағасының орынбасары:
- Мен өзім де бизнестегі проблемалы сұрақтар реестрімен жұмыс істегенмін. Бір мәселе бірден шешілсе, енді біріне жылдар керек. Оларды ұмыттырмай, ұдайы көтеріп отыру маңызды. Ол реестр біздің назарымызда. Ұлттық экономика министрлігімен байланыстамыз.
Шағын бизнестің өсуіне жағдай жасау керек
Сарапшы Асхат Смағұлов шағын кәсіп иелерінің орта бизнеске айналуына жағдай жасау керек дейді. Қазір елде 3 мыңнан аса заңды тұлға орта кәсіпті дамытып отыр. Бұл жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің 0,14 пайызы. Сарапшының есебінше, осы орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 7 пайыз ғана. Демек, кәсіпкерлерді дамуға ынталандыру маңызды. Әйтсе де, шағын кәсіп иелерінің бір орыннан жылжымауына себеп көп.
Мәселені шешу үшін ұзақ мерзімді әрі қолжетімді несие беру керек. Жабдық сатып алуға инвестициялық қаржы ұсыну қажет. Сондай-ақ ірі компаниялар мен шағын өндірушілер арасындағы кооперацияны дамытып, мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігін кеңейту маңызды. Әлбетте экспортқа шығуға жағдай жасау қажет. Асхат Смағұлов үш жылдық мораторийді жеке шара ретінде емес, бизнесті дамытуға бағытталған кең экономикалық саясаттың бір бөлігі ретінде қарастыруды ұсынады. Қазір елде2,18 млн шағын және орта бизнес нысаны бар.
Елде:
Орта бизнес субъектісі - 3,1 мың
ШОБ субъектілеріндегі үлесі - 0,14%
ЖІӨ үлесі - 7,2%
Кедендегі кедергілер шешімін табуы керек
Иә, кәсіпкерлікке келген адам тәуекел барын да ескеруі керек. Мысалы, ірі бизнес иелері шекарадағы кедергіге тап болуы мүмкін. Ұзақ күту экспорт пен импорт шығынын арттырады. Ұлттық палата кәсіпкерлердің 500-ден аса ұсынысы негізінде «KEDEN» жүйесіндегі кемшіліктер түзелгенін жеткізді. Жүйе тәуекелді анықтамаса, декларация автоматты түрде рәсімделеді. Демек, отандық бизнес субъектілерінің жұмыс барысы әлдеқайда жеңілдейді. Құрылтай депутаты Нұргүл Тауды ЕКТРМ техникалық реттеу ақпараттық жүйесінің жайы алаңдатады. Жүйедегі ақау кәсіпкерлерге кері әсерін тигізіп отырғанын айтады. Қазір онда 3349 аккредиттеу субъектісі мен 8 миллионнан астам құжат тіркелген. Өкінішке қарай, жыл басынан бері 320 іркіліс кезеңі анықталды. Кейде ақау 20 сағатқа дейін созылуы мүмкін.
Нұргүл Тау, ҚР Құрылтайының депутаты:
- Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасаудың бір тетігі – ол бизнеске кедергі келтірмеу екенін атап өткен болатын. Алайда бүгінде жекелеген мемлекеттік ақпараттық жүйелердің тұрақсыз жұмысы кәсіпкерлер үшін біршама кедергі туғызып отыр. Соның бірі – ЕКТРМ техникалық реттеу ақпараттық жүйесі. Аталған жүйе өнімдер мен қызметтердің сәйкестігін растайтын құжаттарды электрондық түрде рәсімдеуге, тіркеуге және олардың мәртебесін тексеруге арналған. Бұл жүйенің тұрақсыз жұмысы экономиканың көптеген саласындағы кәсіпкерлердің қызметіне кері әсерін тигізуде.
Айтпақшы, «Іскер аймақ» бағдарламасы микро және шағын бизнесті қолдаудың тиімді құралына айналып келеді. Биыл жалпы көлемі 45 млрд теңге болатын 688 жобаға қол қойылып, 700 млн теңге субсидия төленген.