Шикізаттан дайын өнімге дейін: Қазақстан экономикасын не өзгертеді?

фото: depositphotos.com

Қазақстан Ресеймен сауда-экономикалық байланысын дамыта отырып, шикізат экспортынан дайын өнім өндіруге басымдық беруі керек. Бұл үшін көлік дәліздерін дамыту, өндірісті әртараптандыру және технология тарту маңызды. Бұл туралы экономист Ләззат Нұрғалиқызы 24KZ эфирінде айтты.

Маманның пікірінше, Қазақстанның транзиттік әлеуеті зор. Қытайдан шыққан жүктер еліміз арқылы Ресейге және басқа бағыттарға жеткізіледі. Сонымен қатар Орта дәліз Каспий теңізі арқылы Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік береді. Ал Солтүстік – Оңтүстік бағыты Иран мен Парсы шығанағына жол ашады.

Ләззат Нұрғалиқызының айтуынша, мұндай бағыттарды дамыту логистикамен ғана шектелмейді. Жүк тасымалы артқан сайын жол бойындағы елді мекендерде қонақүй, асхана және басқа да қызмет көрсету орындарына сұраныс көбейеді. Бұл шағын бизнестің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Сонымен қатар Қазақстан үшін шетелдік инвестицияны дайын шикізат өндіруге ғана емес, оны терең өңдейтін кәсіпорындарға бағыттау маңызды.

Бұған дейін біз өнімдерді көбіне шикізат түрінде сыртқа шығаратынбыз. Қазір өңделген және терең өңделген өнімдерді экспорттауға басымдық беріп отырмыз. Ең бастысы – қосылған құны бар өнім өндіру арқылы табысты еліміздің ішінде қалдыру, – деді экономист.

Ол жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың да әлеуеті зор екенін атап өтті. Алайда технологиялық жобалар Қазақстанға нақты пайда әкелуі үшін отандық мамандар оларды зерттеуге және дамытуға қатысуы қажет.

Қарапайым халық үшін ең маңыздысы – жұмыс орындарының ашылуы, табыстың артуы. Бірлескен өндіріс орындары мен логистикалық жобалар жаңа жұмыс орындарын қалыптастырып, тұрғындардың тұрмыс деңгейіне әсер етеді, – деді Ләззат Нұрғалиқызы.

Сондай-ақ оқыңыз: