Әлем елдері ЖИ технологиясын қарқынды дамытып жатыр. Шартарап
Nvidia төңірегіндегі дау әлемдік технология нарығындағы текетіресті одан әрі ушықтырды. Жасанды интеллект үшін күреске АҚШ, Қытаймен қатар енді Еуропа да белсенді кірісті, деп хабарлайды 24KZ.
Брюссель 50 млрд еуро көлеміндегі қор құру арқылы цифрлық тәуелсіздігін нығайтпақ. Осылайша, жасанды зерде енді тек технологиялық жаңалық емес, әлемдік державалардың стратегиялық бәсекесіне айналды.
АҚШ пен Қытай жасанды интеллект саласында алға шығуға күш салып жатқанда, Еуропа да өз мүмкіндігін арттыруға кірісті. Еуропалық одақ технологияны дамытуға 50 миллиард еуроға дейін қаржы бөледі. Оның басым бөлігі ақылды зерде мен жаңа есептеу технологияларын дамытуға жұмсалмақ. Арнайы қор еуропалық компанияларға ұзақ мерзімге ақша салып, жаңа жобалардың дамуына көмектеседі. Тіпті болашағы зор, бірақ тәуекелі жоғары бастамаларды да қолдауға дайын. Сонымен қатар қор технологиялық компаниялардың үлесін сатып ала алады. Яғни Еуропа енді кәсіпорындарға тек грант беріп қана қоймай, олардың дамуына тікелей қаржы құймақ. Financial Times басылымының хабарлауынша, қорды тәуелсіз компания басқарады. Қаржыландыру тәртібі әзірге талқыланып жатыр. Алғашқы қаражат Еуропалық одақ бюджетінен бөлінбек.
Хенна Вирккунен, Еуропалық комиссияның технологиялар жөніндегі вице-президенті:
– Бұл қор тек кванттық технологияларды ғана емес, Еуропаның технологиялық тәуелсіздігі мен экономикалық қауіпсіздігі үшін маңызды барлық саланы қаржыландыруға мүмкіндік береді. Қордың бастапқы көлемін 50 миллиард еуро деп белгіледік. Бұл бастаманы жүзеге асыруға берік негіз болады деп сенеміз.
Жасанды интеллект денсаулық сақтау саласына да біртіндеп енгізіліп келеді. Кәрі құрлық елдері медицинаны цифрландыруға қомақты қаржы бөлуде. Нәтижесінде науқастардың медициналық құжаттары электронды форматқа көшіріліп, дәрігерлер қажетті ақпаратқа жылдам қол жеткізе бастады. Сондай-ақ заманауи технология медициналық деректерді оңай талдап, ауруларды анықтауға және емдеу тәсілдерін таңдауға көмектеседі. Мұның бәрі медициналық қызметтің сапасын арттырып, науқастарға көрсетілетін көмекті жетілдіруге бағытталған.
Оливер Вархели, Еуропалық комиссияның денсаулық сақтау жөніндегі комиссары:
– Денсаулық сақтау саласы Еуропада жасанды интеллектіні енгізуге басымдық берілетін бес бағыттың бірі болады. Бізде сапалы деректер мен дамыған ғылыми-зерттеу жүйесі бар. Енді осы мүмкіндіктерді пайдаланып, жаңа технологияларды медицинаға енгізу және науқастарға медициналық көмекті жылдам әрі тиімді көрсету маңызды.
Илон Масктың Neuralink компаниясы миға чип орнату жобасын одан әрі кеңейтті. Компания жыл сайын 20 мың адамға ми имплантын орнатуды көздейді. Bloomberg басылымының мәліметіне сәйкес жоба 2031 жылға дейін жүзеге асуы мүмкін. Чип ең алдымен көру қабілеті нашар адамдарға, Паркинсон ауруына шалдыққандарға және жүйке жүйесінде кінәраты бар науқастарға орнатылмақ. Компания жоспарлаған ауқымға жетсе, жылдық табысы бір млрд долларға дейін өсуі мүмкін. Алғашқы имплант 2024 жылы жол апатынан сал болып қалған 29 жастағы америкалық азаматқа орнатылған.
Жасанды интеллект саласындағы бәсекеде Қытай да қарқынын бәсеңдетпей отыр. Болжам бойынша 2030 жылға қарай елдегі компьютерлік ресурстардың 90 пайыздан астамы жасанды интеллектіні дамытуға жұмсалады. Қазірдің өзінде Қытайда осы бағытта жұмыс істейтін 52 ірі орталық бар. Елдің технологиялық жоспары мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта ғарышта мың спутниктен тұратын арнайы есептеу жүйесін іске қосу көзделген.