АЭФ аясында Пан Ги Мун атындағы тұрақты даму институты ашылды

Астана экономикалық форумы аясында Пан Ги Мун атындағы тұрақты даму институты ашылды.

Шара барысында институт жұмысының негізгі бағыты мен тұжырымдамасы таныстырылды. Жалпы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті БҰҰ-ның «Академиялық бедел» атты жаһандық хабына жетекшілік етеді. Бұл бағдарлама адамзат өркениетін дамыту жөніндегі 10 қағидатты жүзеге асыру үшін әлемнің жоғары оқу орындарын біріктіреді. Кездесу соңында Пан Ги Мун мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов тұрақты даму институтының қызметін дамыту бойынша келісімге қол қойды.

Пан Ги Мун, БҰҰ 8-інші Бас хатшысы, БОАО Азия форумы кеңесінің төрағасы:

– Мен үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сынды білім ордасымен бірлесіп жұмыс істеу – үлкен құрмет. Тұрақты даму мәселелері бойынша академиялық қауымдастықтың әлемдік үйлестірушісі ретіндегі оның озық тәжірибелері БҰҰ тарапынан сұранысқа ие әрі жоғары бағаланады. Жоғары оқу орны БҰҰ-ның мыңжылдықтағы сынақтарға қарсы бағытталған бастамаларын насихаттауда танылған көшбасшы болып табылады. Әлемдік хабты басқару бойынша университет құзіретінің 2020 жылға дейін созылуы БҰҰ-ның үлкен сенімінің көрсеткіші.