АЭФ-тің екінші күнінде қандай мәселелер талқыланады?

Астана экономикалық форумы бүгін де қызу талқылауға ұласады.

Кешке дейін пленарлық сессиялар, жаһандық түйткілдерді қаузайтын пікірталастар ұйымдастырылады. Біздің тілшілер де кешеден бері әлемнің назарын елімізге аударған халықаралық шараның басы қасында жүр.

Бүгінде форумда жүздеген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жұмыс істеп жатыр. Пленарлық отырыс қазір бір сағаттан соң басталады. Бірақ әлем назары ауған Global Challenges Summit саммитінің әрбір сәтін қалт жібермес үшін менің әріптестерім таң атпастан осында жиналған. Айта кетейік, кешеден бері форум жайында отандық ақпарат құралдарынан бөлек 100-ден аса шетелдік журналист те жарыса жазды. Мәселен, Eu reporter ақпараттық порталы қазақстандық саясаткерлердің әлемдік экономика төңірегіндегі пікіріне мән берген. Дубайлық басылым болса Еуразия кеңістігін дамытуда Қазақстанның инфрақұрылымдық әлеуетін тілге тиек еткен. Яғни еліміз транзиттік түсімдерді пайдалана отырып жаңа экспорттық нарықтарды дамыта алады. Бұдан барлығымыз пайда көріп, ұтамыз делінген. Ал Қытайдың «Синьхуа» агенттігі кеше форум аясында қол қойылған сауда-экономикалық келісімдерге тоқталып өткен. Елбасының криптовалютаны қолдану тетіктерін қарастыру керек деген бастамасына америкалық Blockchain Technology News порталы шолу жасаған. Әзербайжандық ақпарат құралдары болса «Астана» халықаралық қаржы орталығына мән беріп өткен. Айта берсек, тізім осылай жалғасып кете береді. Бірақ осыдан-ақ форумның ауқымын аңғаруға болады.

Бүгін де көптеген пленарлық сессиялар қызу талқылаулар өтеді. Мәселен, роботпен алмастырылған адамзат ғаламдық сын-тегеурін мәселесі талқыланады. Яғни технологиялар дамыған сайын жұмыс орындары азая түседі. Бүгін мамандар осы мәселені талқылайды. Сөз сөйлейтін спикерлердің қатарында белгілі журналист Майк Бутчер, американдық физик Митио Каку сынды тұлғалар бар. Сондай-ақ мансап пен бизнесте қалай табысқа жетуге болады? Тақырыбы да талқыланады. Бұл жөнінде журналист Ксения Собчак өз құпиясымен бөліседі. Бұдан бөлек ХХІ ғасырда табысты мегаполис қалай құруға болады? Цифрлық мемлекетті басқарудың тәжірибесі сынды маңызды мәселелер көтеріледі Сондықтан алдағы жаңалықтар топтамасында мен және әріптестерім тағы да толыққанды мағлұматпен бөлісетін боламыз. Басты ақпараттық арна қосулы болсын.

Авторы: Назерке Әбдірахманқызы