Зейнетақы қорының бір бөлігін жеке компанияларға өткізуге болады

Еуразиялық экономикалық одақ жұмысшыларын зейнетақымен қамту жөніндегі келісім күшіне енді.

Ол арқылы азаматтар өзге елде бір жылдан аса жұмыс істеп, сол мемлекеттің үкіметінен зейнетақы алуға құқылы.

Төлем әр мемлекеттің өз зейнетақы заңнамасына сәйкес төленеді.

ЕАЭО мигранттарына зейнетақы төленеді

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің азаматы сол мемлекеттердің кез келгенінде жұмыс істеп, зейнетке шыға алады. Бұрын зейнетақы төлемдерін есептеу кезінде қазақстандықтардың одақтың басқа мемлекеттеріндегі жұмыс кезеңі ескерілмей келген. Жаңа құжат күшіне енгеннен кейін бір жылдан аса еңбек өтілі қажет болады. Басты талап – жұмысшы сол елдің әлеуметтік немесе зейнетақы қорына уақытылы төлем жасап тұруы қажет. Бір елден екіншісіне көшкеннен кейін зейнетақы мөлшері қайта қарастырылады. Мысалы, Ресей, Қырғызстан және Беларусьте бір-бір жыл жұмыс істеген отандасымыз елге оралғанда бірден үш мемлекеттен төлем ала алады. Ал зейнетақының базалық мөлшерін Қазақстан төлейді. Былтыр елден 22 мыңға жуық азаматымыз көшіп кеткен, 9,2 мыңнан астам шетелдік азамат Қазақстанға келіпті. ЕАЭО елдерінен келген еңбек мигранттары бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қазақстандықтармен тең дәрежеде 10 проценттік аударым төлейтін болады.

Зейнетақы қорының бір бөлігін жеке компанияларға өткізуге болады

Ақпанда қазақстандық салымшылар зейнетақы жинақтарын басқару үшін жеке қаржы компанияларына жүгіне алады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу агенттігі хабарлады. Бұл – жинақтың шекті мөлшерден асатын ең төменгі бөлігі. Тиісті шекті ел Үкіметі белгілеп отырады. Қаражат салымшы зейнет жасына жеткенге дейін жеке компаниялардың қоржынында жатады. Кейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтарылады. Салымшыда таңдау бар. Ол қаржысын жылына бір рет бір компаниядан екіншісіне аударып отыруға құқылы. Бүгінде 1 млн-дай қазақстандық салымшының зейнетақы қорында шектік мөлшерден асатын сома бар. Қордың бір бөлігін тұрғын үй алуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және ем алуға жұмсауға болады.

Италияда кедейлер көбейді

Ал Италияда кедейлер көбейді. Өткен айда олардың саны 3,5 процентке артып кеткен. Қазір 3 млн адам арнайы жәрдемақы алып отыр. Оларға ай сайын 528 еуро төленеді. Бұл тұрғындар елдің оңтүстігінде шоғырланған екен. Азаматтық жәрдемақы осыдан 2 жыл бұрын енгізілген. Мұндай қолдауды кірісі 780 еуродан аспайтын азаматтар алуға құқылы.

2 трлн теңгеге азық-түлік өнімі шығарылды

Былтыр елімізде 2 трлн теңгенің азық-түлік өнімі шығарылды. Отандық ұн және жарма өндірісі көш басында. Тізімді сүт және сүт өнімдері жалғайды. Ет және ет өнімдері де ең көп өндірілген өнімдер қатарында. Отандық өндірушілердің дені Алматы, Қостанай облыстары мен Алматы қаласында шоғырланған.

Нарықтағы баға

Ақтөбеде 240 грамдық бұқтырылған сиыр етін 570 тг-ге аласыз, Оралдағы баға 600 тг, Қарағанды мен Ақтауда 640 тг, Нұр-Сұлтанда 20 тг-ге қымбат, ал Алматыда 745 тг.

Доллар 420,24 теңге, еуро 508,65 теңге, Ресей рублі 5,69 теңге.