СҚО-да былтыр «Бастау Бизнес» бойынша 1000 адам кәсіпкерлікті оқып шықты

Солтүстік Қазақстан облысында былтыр «Бастау Бизнес» бойынша бір мың адам кәсіпкерлікті оқып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар мемлекеттен 480 млн теңгенің қаржылай қолдауын алып, бизнес жобаларын жүзеге асырды. Шалғай ауылдарда табыстың көзін тапқан іскер жандармен,аймақтағы тілшіміз Айдарбек Айтмұхамбетұлы танысып қайтты. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Руслан Сейітов «Бастау Бизнес» жобасының игілігін бірнеше рет көрген кәсіпкер. Ең алдымен Талшық ауылында мал азығын дайындайтын цех, содан кейін қоғамдық монша ашты. Енді тас жолдың бойында қонақ үй салып жатыр. Бұның бәрі кемпинг болады.

Руслан Сейітов, кәсіпкер:

- Омбы мен Көкшетау қалаларының арасында бірде-бір қонақ үй кешені жоқ. Қазақстан мен Ресейдің осы екі аралығында жүк көліктері мен автобустар жиі жүреді. Қазір паркингке жалға жер алдым. Алдағы уақытта көлік жуу және жөндеу орнын ашамыз деп отырмыз.

Ал, Гүлдана Қабдрахманова 6 мл теңге несие алып, Восходское ауылында бірінші шағын маркетін ашты. Сауда орнында үйге керектінің бәрі бар. Азық-түлік, киім-кешек, басқа тұрмыстық заттарға көрші ауылдардан да адамдар келеді.

Гүлдана Қабдрахманова, кәсіпкер:

- Өзім кішкентайымнан армандайтынмын осындай дүкен, шағын маркет ашайын деп, сол биыл енді арманым орындалып, осындай шағын маркет ашып, осы ауыл үшін жұмыс жасап жатырмыз.

Шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі қозғайшы күші. Былтыр Ақжар ауданында 60 адам кәсіпкерлікке оқып, 37 млн теңгенің жобаларын жүзеге асырды.

Хасен Ахметов, «Атамекен» ҰКП Ақжар аудандық филиалының директоры:

- Биыл енді бізде 50-ге жуық адам оқуға тиіс дейміз. Соның ішінде 20 кісі бүгінгі күні міне, құжаттарын дайындап, түгел дайындап жүр. Біздің санауымызша, жоқ дегенде 40 млн теңгенің маңайында несие алуға тиісті дейміз.

Бұл жобалар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады. Былтыр Ақжар ауданында 20 адам еңбекпен қамтылды. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев