Ел еңсесін көтерген қойылым
Су тасқынынан ең көп зардап шеккен аймақтың бірі - Батыс Қазақстан облысы.
Өңірде 1300 тұрғын үй, 15 мыңдай саяжай су астында қалды. Табиғи апатқа тап болған елдің көңілін серпілтіп, жігерін жануға өнер өкілдері де өз үлесін қосуда. Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театры мыңдаған шақырымды артқа тастап, Қаратөбе, Сырым аудандарында болып, жергілікті жұртшылыққа рухани ләззат сыйлады.
Суы тізеден аспайтын Жақсыбай өзені наурыздың аяғында арнасынан шығып, асау мінез танытып, жолындағыны жайпап өткен. Қоржын ауылындағы 130 үйдің 90-ы жарамсыз. Он шақтысына жөндеу керек. Тұрғындар бірі мектепте, бірі көршілерінде тұрып жатыр. Бүгінгі қойылымның басты көрермені де солар. Мұхит пен Ғарифолла, Ескендірдей тұлғалар туған Қаратөбе елі «Шәмші» мюзиклін де жылы қабылдады, сілтідей тынып тыңдады.
Аягөз Төлепова, Қоржын ауылының тұрғыны:
- Жалдамалы пәтерде тұрамыз. 5 бала-шағаммен, жолдасыммен. Рахметімізді айтамыз. Жақсы көңіл-күйде болдық, бір серпіліп қалдық. Еліміз аман болсын! Барлығы жақсы болсын, жақсы күнде жолығайық, жаңа қоныста!
Ал жымпитылық көрерменге Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театры Дулат Исабековтың «Гауһартас» драмасын ұсынды. Залда ине шаншар орын болмай, көрерменнің біразы қойылымды тік тұрып тамашалады. Сырымдай батыр, Қадырдай шайыр туған топырақтың өнерді бағалауы да ерекше.
Гүлбақша Ерғалиева, Жымпиты ауылының тұрғыны:
- Кеше ғана сондай қиын болғанына қарамастан, бүгін дым болмағандай отырып тамашаладық, рухымызды көтерді. Өнер адамдарының өнері биікке өрлесін! Осылай халықпен жанасып, өздерінің өнерімен үлкен күш бергенін өздері сезді ме, жоқ па білмейміз, бірақ біз сездік және шынайы рахметімізді айтамыз.
Астаналық музыкалық жас көрермен театры Орал қаласында үш күн болады. Эвакуациялық пункттердегі тұрғындарға өз өнерлерін тегін көрсетеді. "Атамекен" өнер ордасында қойылымдарын сахналайды. Түскен қаржы су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау қорына аударылады.
Асхат Маемиров, Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театрының директоры:
- Осы сапардағы басты мақсатымыздың бірі - қорға ақша аудару. Қазір 1 млн 668 мың теңгені «Ақжайық» қоғамдық қорына арнайы аударамыз. Біздің қолымыздан келген жағдай осы болып жатыр. Әрине халықпен сөйлестік. Бір ай артта қалды. Дегенмен қазір олардың еңселері биік. Ертеңге деген сенімдері, болашаққа деген үміттері ерекше. Сондықтан қиын күндер артта қалды, жақсылыққа жұмылдыруымыз керек.
Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театры су басқан аймақтарға сапарын одан әрі жалғастырмақ.
Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Б. Жарылғасов