Өзбекстанның кесірінен қазақ бидайын Ауғанстанға өткізудің жолы күрмелген

Өзбекстанның кесірінен қазақ бидайын Ауғанстанға өткізудің жолы күрмелген

Диірменшілер қауымдастығы өкілінің айтуынша, қазір Ауғанстанға ұн жеткізуге еш кедергі жоқ. Тек баға жағынан тиімсіз болып тұр. Себебі Өзбекстан Қазақстанның бидайынан ұн жасап, Ауғанстанға арзанырақ ұсынып отыр.

Өйткені тасымал құны төмен. Электр қуатының ақысы да Қазақстанмен салыстырғанда 3 есе арзан. Жұмыс күші көп әрі жалақы төмен. Кәсіпкерлерді қолдауға арналған несиелер 4 процентпен 15 жылға беріледі. Бізде 14 процентпен 7 жылға беріледі екен. Бұған қоса ала шапанды ағайын жаңа диірмендерді 5 жыл салықтан босатқан. Осылайша қазақстандық диірменшілер бәсекеге қабілетсіз болып шықты. Яғни Ауғанстанға жеткенде біздің ұнның бір тоннасы 510 доллардан асып кетеді. Ал Өзбекстан 480 доллардан ұсынады. Осының кесірінен Қазақстанның ұн өндірушілері негізгі нарығынан шеттеп қалды.

Дос-Мұқасан Тәукебаев, диірменшілер қауымдастығының мүшесі:

- Былайша қарасақ өзбек те бидайды 120 теңгеден алады. Бізде 120 теңгеден аламыз. Бірақ Өзбекстан ұнының арзан болуының бірден бір себебі. Мысалы Ташкенттен Ауғанстанның Хайратон деген қаласына дейін бір  тонна ұнды жеткізу үшін Қарағандыдан тиеп Ауған шекарасына дейін транзиттің жол ақысын төлейміз. Өзбектер бізден 53 доллар талап етіп отыр. Ал өзбектердің өзі Ташкенттегі диірмендер 22 доллар ғана төлейді. Сонда біздің қазақтың ұны Ауғанстанға 31 долларға қымбат болып келеді. Сол 31 долларға қымбат болғаннан кейін ауғандар қайтсін. Өзбектің ұны да қазақтың бидайынан жасалған. Ол да сапалы. Сол себепті қазір өзбек ағайындардың дәурені жүріп тұр. Біз қарап күтіп тұрмыз.