Министрлік бензиннің қымбаттау себебін анықтап жатыр

«Қазақстанның әуе отыны нарығында жағдай тұрақталды. Елде оның 37 мың тонна қоры бар. Осы айда отандық зауыттарда тағы 46 мың тоннасы өндіріледі».

Бүгін Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев осылай деді.

Сала басшысының сөзінше, ай сайынғы тұтыну көлемі - 50 мың тонна. Сұранысты толық қанағаттандырып отырмыз. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Бірақ басқа жанар-жағармай түрлерінің қымбаттауы жалғасып жатыр. Бензин бағасы кейінгі күндері 3 теңгеге өсті.

Мырзағалиевтің айтуынша, бұл жағдайға не себеп болғаны белгісіз. Мәселені анықтау үшін министр алдағы күндері өндірушілермен және жанар-жағармай станциясы өкілдерімен кездеспек.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Энергетика министрі:

- 3 жылдың ішінде бензин бағасы 15 теңгеге өскен екен. Бірақ баға өсіміне еш негіз жоқ деп айтуға болады. Неге десеңіз, тапшылық жоқ, зауыттар қажетті көлемде шығарып жатыр. Сондықтан кешеден бастап МӨЗ өкілдерімен кездесіп, баға мәселесін талқылай бастадық.