Атырауда кәсіпкерлер тұрақтандыру қорының тендеріне қатысудан бас тартты

Атырауда халықты арзан көкөніспен қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қоры жариялаған тендерге кәсіпкерлер қатыспай отыр. Өйткені Атырау әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының талабы қолайлы емес. Өнім сақтайтын қоймасы жоқ, кәсіпкерлер тіпті ат-тондарын ала қашуда. Себебі шығын көп екен.

Биыл сәуірде картоптың бағасы аспандап кетті. Келісі 400 теңгеге дейін жетті. Өйткені қоймадағы 605 тонна өнім таусылып, қор жұмысының шикілігі байқалған еді. Ал биыл үш есе көп көкөніс сатып алынған. Тіпті қосымша мың тоннадан асатын ауылшаруашылық өнімдеріне тендер жариялап отыр. 

Гүлназ Кәрімжан, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз хатшысы:

- Дәл қазір екі тендер жарияланды. Оның бірі көкөніс сақтау қоймасы бойынша, ал екіншісі азық-түлік өнімдерін бізге ұсыну бойынша. Яғни егер өзінің қоймасы болмаған жағдайда кәсіпкер біздің ұсынысымыз бойынша бөліп әкелуге тиісті.

Алайда кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық жоқ. Өйткені оны сақтайтын қойманың болмауы оларды әбден әбігерге салған. Өнімді тасымалдаудан бөлек, сақтауды да мойындарына алу кәсіп иелері үшін қолайсыз көрінеді. Келген тауарды сақтау үшін берілетін қаржының өзі аз екен. Соңында кәсіпкердің өзі шығынға батады. 

Мұратай Сарманов, кәсіпкер:

- Ол бірнеше мыңдаған тонна. Оны әкеліп сақтайтын өзінде қойма жоқ. Ол қойманы біреуден жалға алуы мүмкін, біреуден тағы қоя тұруға алуы мүмкін. Оның барлығына да ақша төлеу керек. Сол қоймаларға сақтайтын өзінің технологиясы бар, біздікі ондай қоймаларға мамандандырылмаған. Кәсіпкерлердің түспей отырғаны, қорқып отырғаны содан. 

Өңірде қоймасы бар шаруа қожалықтары саусақпен санарлық. Ең үлкен сақтау орыны бар кәсіпкер осыған дейінгі сұранысты қанағаттандырып, қазір қорға 1000 тонна картоп, 500 тонна жуа, 600 тонна сәбіз бен 250 тоннадан астам қырыққабат жеткізіпті. Енді алыну керек 1000 тонна өнімді жеткізу мен сақтауға еш кәсіпкер қызықпайды. Шығынға батамын деп қорқады.

Айта кетейік, тендер биылға екінші рет жарияланып отыр.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин