Әлеуметтің әлеуеті артты

Сан түрлі айтулы оқиғаны артқа тастаған сиыр жылы да соңына таяды. 2021 жыл ауыз толтырып айтатындай жаңалыққа толы болды. Қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін алып, баспанаға қол жеткізді. Бұдан бөлек 1 қаңтардан бастап зейнетақы 7%-ке, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 5%-ке көбейді. 

Әлемді әлекке салған қауіпті індетпен дәрігерлер әлі де жан салмай күресіп келеді. Осы тұста Мемлекет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мен дәрігерлердің жалақысын биылдан бастап кезең-кезеңімен арттыру және 2023 жылға қарай орташа жалақыны екі есе ұлғайту міндетін жүктеді. 2021 жылы дәрігердің орташа жалақысы шамамен 320 мың теңгеге дейін көтерілді.

Алексей Цой, бұрынғы денсаулық сақтау министрі:

- Алдағы 3 жылда дәрігерлердің жалақысы екі жарым есе өседі. Демек, 247 мыңнан астам маманның еңбегі ақталып, лайықты ақы төленбек. Биыл дәрігердің орташа жалақысы шамамен 320 мың теңгеге дейін көтеріледі. 2023 жылға қарай 561 мың теңге болады. Ал орта буын қызметкерлерінің орташа жалақысы биыл 173 мың теңге көлемінде болса, 2023 жылы оны 210 мың теңгеге жеткізу көзделген.

Биыл ұстаздардың да жалақысы тағы 25 процентке көбейді. Олардың арасында балабақша, колледж, қосымша білім беру жүйесінің мұғалімдері де бар. Әрі ұстаздар біліктілік санатына қарай еңбекақының 30-дан 50 процентке дейінгі көлемін қосымша алатын болды.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

 - 1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алатынын мәлімдеді. Осы орайда зейнетақы қорындағы қаражат емделуге, үй алуға, пәтерді жөндеуге, ипотеканы жабу үшін жұмсауға арналды.

Мәселен, бүгінге дейін тұрғын үй жағдайын жақсартуға 1 жарым млн аса өтініш келіп түскен. Оның 70 мыңға жуығы орындалды. Ал емделуге 180 мыңға жуық адам өтініш жіберген. Оның 134 мыңнан астамы орындалып, 122 мыңға жуық қаражат есеп-шотқа аударылған.

Бұдан бөлек зейнетақы қорындағы артық ақшаға жер телімін сатып алу мүмкіндігі берілді. Онда үй салудан бөлек жеке шаруашылық жүргізуге де болады. Алайда сол жерге 2 жылдың ішінде баспана салынуы керек.

Жансұлтан Матай, «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры:

- 21 жылы отбасы банк рекордттық көрсеткішке жеткелі отыр. 77625 адам еліміз бойынша қоныс тойын тойлап жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда 25 699 адамға көп, яғни 1,5 есе өстік. Әрбір 4-несие «Нұрлы жер» бағдарламасы. 

Сиыр жылы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 5%-ке өсті. Осы орайда мүгедектікке байланысты төлемдердің мөлшері де өзгерді. І топтағы мүгедектер 65 860 теңге, II топқа жататын азаматтар – 52 мыңнан аса, ал III топ 35 мыңнан астам теңге алатын болды. Бұл ересектерге қатысты дерек. Сондай-ақ I топтағы адамдарға күтім жасайтын азаматтарға жәрдемақы енгізу қарастырылды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеген еді.

Сырым Нәси, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары:

- Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау жоспарланды. Егер де мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы мүгедек бала ересек жасына толғанға дейін үй алып үлгермесе, онда олар кезектен шығарылып тастайды 18-ге толғаннан кейін. Ал енді мынау норма арқылы яғни ол тұрғын үй алмаса, бала ересек болып кетсе де, яғни оның жанұясы үй кезегіне тұру құқығын сақтап қала алады.

Президент халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді қозғап, игі бастамаларды көтерді. Педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа қазынадан тағы 1 триллионнан аса теңге жұмсалмақшы.

Наргиз Бекмағанбетова, Ырыстанбек Оспанов, Артур Горшняков