Қостанайдағы ірі супермаркеттер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын төмендетті

Қостанай қаласындағы ірі супермаркеттер әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасын төмендетті.

Сәуір айына дейін тауарларға қосылатын үстеме 3 проценттен аспауы шарт. Бастапқыда бұл көрсеткіш 10 процент болған. Қалалық әкімдік пен бизнес өкілдері осындай меморандумға қол қойды. Нан, тауық еті мен жұмыртқаға шекті баға апта басында енгізілген. Бірінші сұрыпты ұннан пісірілетін нан 90 теңгеден аспайды. Қаладағы наубайханалармен келісім жасалған. Келесі аптадан бастап көкөніс, қант және сұйық майдың бағасы бақылауға алынады.

Илона Тимошенко, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Меморандум 25 қаңтардан бастап күшіне енеді. Осылайша қырыққабаттың келісі 104 теңгеден, картоп 140, сәбіз 148, пияз 86, қант 289 және сұйық май 767 теңгеден саудаланады. 

Нұрлан Жанбатыров, кәсіпкер:

- Келісімге сәйкес, тауарға қосылатын үстемені 3 процентке дейін төмендетуге дайынбыз. Тіпті кейбір тауар түрлеріне 1 проценттен артық қосылмайды. Біз үшін әлеуметтік маңызға ие тауарлардың сауда сөрелерінде болғаны маңызды.