Қостанай облысында ауыл тұрғындарына қаладан пәтер беріледі
Қостанай облысында тасқын судан үйлері бұзылған тұрғындарға қаладан баспана ұсынылды.
Мысалы, Алтынсарин ауылынан әзірге 38 отбасы облыс орталығына көшіп келуге келісімшарт жасасқан. Қалғандары таңдау үстінде. Табиғи апаттан зардап шеккендердің тұрғын үй мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Алтынсарин ауылындағы Әйгерім Мұсанованың үйін комиссия жөндеуге жарамсыз деп таныған. Көпбалалы анаға жаңа үй салып беру немесе қаладан пәтер беру туралы ұсыныс түскенде соңғысын таңдаған. Енді сол 3 бөлмелі баспанасының жай-күйін біліп қайтуға келген беті – осы. Әрлеу жұмысы әлі аяқталмаса да, орналасқан жері, ішкі құрылымы көңілден шыққандай.
Әйгерім Мұсанова, Алтынсарин ауылының тұрғыны:
- Балалар үшін осындай таңдау жасадық. Қалаға келу үшін, өйткені барлық жағдай жасалған. Балабақша бар қасында, мектеп бар, балаларға ойнатын аула бар. Барлығы жақын, аялдамалар жақын. Бәрі қолайлы.
Жаңадан салынып жатқан 9 қабатты үйдің 80 пәтері табиғи апаттан зардап шеккен Қостанай ауданының тұрғындарына беріліп отыр. Оның бәрін әрі кеткенде бір айдың ішінде тапсырамыз, – дейді құрылыс компаниясының өкілі.
Данияр Айтқожинов, құрылыс компаниясының өкілі:
- Сапалығы жағынан бұл «жайлы үй» санатына жатады. Аулада балалар алаңқайы, жаттығу зонасы, баскетбол, футбол алаңдары бар. 2 бөлмелі пәтерлердің көлемі – 64-68 шаршы метр. Тұсқағазы жабыстырылып, төбесі тегістеліп, ламинат төселіп, таза күйінде тапсырылады.
Комиссия бағалауы барысында Алтынсарин ауылында 52 үй жөндеуге жарамсыз деп танылды. Әзірге сол баспанасынан айырылғандардың 38-і қалаға көшуге келісімшарт жасасқан. Кейбірі әлі екіұдай күйде. Ауылда үй салып беруін қалап отырғандар да бар. Қалпына келтіруге болады деген баспаналарды жөндеу алдағы аптада басталмақ.
Берік Таңжарықов, Қостанай ауданының әкімі:
- Жөндеуге жарамды үйлер, бұлардың құжаматтамасы қазір комиссия жұмыс істелініп жатыр Техникалалық жобалау құжаматтамасы дайын. Әлі бағалауымыз бар. Оның жұмысы дүйсенбіге дейін дайын болады. Дүйсенбіден бастап жөндеуге кірісуге дайынбыз.
Қостанайда табиғи апаттан зардап шеккендердің баспана мәселесі ірі бизнес компанияларының қаржылай қолдауымен шешіледі. Ал облыстың оңтүстік аудандарында үйлер «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының есебінен салынады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.