Көркем гимнастшыларымыз Азия чемпионатында топ жарды
Ташкентте көркем гимнастикадан лицензиялық Азия чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды 24KZ.
Жарыстың соңғы күні де ел спортшылары үшін сәтті болды. Құрамамыз 5 шығыршықпен жаттығуда Азия біріншілігінің қола жүлдегері атанса, жасөспірімдер командасы топтық көпсайыстан алтын және күміс медальді еншіледі. Сондай-ақ Елжана Таниева қоржынға тағы бір алтын салды. Ол күні бұрын жекелей сында Азияның үздігі атанып, Париж Олимпиадасының жолдамасын иемденген болатын. Ұлттық құрама жетекшісі Әлия Юсупова шәкірттерінің өнеріне көңілі толатынын айтады. «Енді көп ұзамай Елжана Таниевамен Олимпиадаға дайындық басталады. Мақсат – төртжылдықтың басты бәсекесінде финалға өтіп, жүлдеге таласу», – дейді бас бапкер.
Айта кетейік, команданың жеңіс жолын бүгін Айбота Ертайқызы жалғады. Ол таспамен жаттығуда топ жарды.
Әлия Юсупова, көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы:
- Көркем гимнастика Қазақстанда жақсы дамып жатыр. Нәтижелері жақсы. Біздің қыздарымыз жолдама ұтты. Азия чемпионы болып, жасөспірімдер арасында да жеңіп жатыр. Елжанаға Олимпиадада финалға өтуге болады. Соған тырысамыз.