Түркістандық диқандар алғашқы өнімді жинауға кірісті

Қара жерден жылына екі өнім алуға дағдыланған оңтүстік өңірінің шаруалары көкөністі жинай бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр күз айларында егілген қырыққабат қазір пісіп жетілді. Дайын өнім өз еліміз бен көрші Ресейге де экспортқа шығарылады.

Сарыағаш ауданының диқандары көкөністі жерге ерте отырғызып, жылды табысты бастады. Биыл қар аз түсіп, қыс қатты болған жоқ. Есесіне шаруаның күзде еккен қырыққабаты бітік шықты. Әр данасы 3-4 келі салмақ тартады. 9 гектар суармалы алқаптан өнім жинап жатқан Қазыбек Мықымов үш күннен бері қызу қарбалас үстінде.

Қазыбек Мықымов, шаруа:

Қазір мынау жұлып тұрғанымыз «Бухарест» деген сорт. Бұл сәл ерте піседі. Дайын болды. Уақыты келгенде үзіп жатырмыз. Өзіміздің есебіміз бойынша 80 тонна. Мәскеудегі базармен келісім шартымыз бар. Фураға артып жібереміз. Өздері күтіп алады. Өздері ары қарай жайғастырады.

Шаруалар құнарлы жерді тиімді игеру үшін жыл он екі ай тыным таппайды. Осылайша екі-үш өнімді бір алқаптан жинап, көкөністің көлемін еселеп отыр. Аймақтың үш жүзден астам шаруашылылығы мың гектар алқапқа қырыққабат екті. Солардың бірі –Сейілхан. Ол отбасымен бірге қырыққабаттың тұқымын өзі өндіріп, көшетін шығарды. Енді екі айдан соң пісіп, жетіледі деп отыр.

Сейілхан Жарқынбеков, шаруа:

– Қырыққабатты ертерек ексек, мұнан кейін сәуір, мамыр айынан бастап екінші өнім егеміз. Арқасынан болгарский егеміз. Жерді бізде екі рет пайдалануға мүмкіншілік бар. Біз жақ жылы. Ерте шықса, бағаға да әсер етеді. Қанша ерте шықса, сонша қымбат болады.

Бір маусымда егістіктен үш рет өнім жиып алу аграрлық сала мен шаруаға да тиімді. Былтыр 500-дей шаруашылық осы әдістің пайдасын көрді.

Әлайдар Әмірханов, Сарыағаш аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Биылғы жылы 559 шарушалық жәр көлемі 1 мың 400 гектар осы жобаға қатысып, жұмыс жүргіземіз деген ниет білдіріп отыр.

Былтыр тиімді тәсілдің арқасында Сарыағаш ауданында 478 мың тонна ауыл шаруашылығының өнімі өндірілді. Бұл алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда 100 мың тоннаға көп. Шаруалар су тапшылығы қолбайлау болмаса, өнімді еселеуге мүмкіндік көп, – дейді. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы