Қостанайда қант қат болып тұр

Қостанайда қант қат болып тұр

Қостанайда қантқа сұраныс жоғары. Сауда орындары барынша үнемдеп сатуға тырысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті бұл азықты әр адамға үш келіден артық бермейді. Қазір шекер аймақтағы әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауарлар санатында.

Гүлнәр Юсупова, сауда желісі директорының орынбасары:

– Тұрақтандыру қоры арқылы 10 тонна қант алдық. Күніне 300-400 келісін сатамыз. Ешқандай дүрлікпе жоқ. Әрине сатуда шектеулер енгізуге мәжбүр болдық. Дегенмен халық түсіністікпен қарап жатыр.

Қантқа шекті баға қаңтар айының соңында қойылған. Оның бөлшек саудадағы келісі 289 теңге. Аталған баға бір айға белгіленді. Бастапқыда супермаркеттер алған көлем қазір таусылған.

Самат Жанділдин, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

– 18 ақпанда қаладағы сауда желілеріне жеткізу үшін қосымша өтініш берілді. Кәсіпкерлік бөлімі атынан қаланың. Қазіргі таңда құмшекерге байланысты тауардың жетіспеушілігі ірі сауда нысандарында тұрақтандыру қорымен келісімге отырған өтініш берген супермаркеттер осы тауарды қажетінше сатуда.

289 теңге деп белгіленген баға ақпан айының соңында күшін жояды. Ал одан әрі қымбаттайды деген болжам бар.

Мәдина Махмұтова, «ТобыЛ» ӘКК тұрақтандыру қорымен жұмыс жөніндегі департамент директоры:

– Шекті баға 26 ақпанға дейін болады. Өткен жұмада қосымша 30 тоннасын сауда желілеріне жібердік. Осы көлем апта соңына дейін жетіп қалады деген ойдамыз. Қазір қосымша сатып алу жұмыстары қолға алынды. Осы аптада өңірге екі вагон қант жеткізілуі тиіс.

Қазірдің өзінде операторлар қанттың сатып алу құны көтерілгенін айтып жатыр. Нарықтағы келісі 316 теңге. Ал бөлшек саудада бағасы қандай болатыны әзірге белгісіз.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров