Отандық туризмге мүмкіндік туды

Шетелде демалу көзден бұл-бұл ұшуы мүмкін. Украина мен Ресей қақтығысының салқыны туризмге де тиіп жатыр. Доллар бағамының күрт өсіп, отандық туроператорлар уақытша жұмысын тоқтатқан. Олар әзірге әліптің артын бағамыз деп отыр. Мамандар ұрымтал тұстың ішкі туризмге жол ашатынын айтады. Ал Қазақстанның авиация саласы табысқа кенеле бастады. Теңгенің құлдырауы мен Украинадағы қақтығыс Қазақстанның туристік саласына қалай әсер етеді?

Шетел асып демалу қымбатқа түсуі мүмкін. Әзірге оның бағасын дөп басып ешкім айта алмайды. Ал туроператорлар жолдама шарықтап кетуі мүмкін дейді. Себебі отандық операторлар шетелдік компаниялармен жұмыс істейтіндіктен келісім-шарт та шетелдік валютамен жасалады. Десе де, мамандар мұның ішкі туризмді дамытуға зор мүмкіндік екенін жасырмады. Сондықтан шетелдік саяхатшыларды тарту үшін елдегі демалыс аймақтарының қызметтерін жандандыру қажет, деп санайды.

Инна Рей, "Туристік қамқор" қорының төрағасы:

- Туристік маусым жақындап келеді. Сондықтан демалыс орындарының сервисін жандандыру, бағасын реттеу мәселелерін осы бастан ойластыру қажет. Көрші елдердегі жағдайға байланысты бізде транзиттік жолаушылар көбейеді. Елдер арасындағы рейстер саны, ұшақтардың ұшу нүктелері де артуы мүмкін. Бұл ұзаққа созылса, онда біздің туристік толқынға әсер етпей қоймайды. 

Әлия Маметова, туристік агенттіктің басшысы:

- Бізде табиғаты Швейцариядан кем емес көркем жерлер көп. Шарын шатқалы, Ақтаудағы Бозжыра, Ақсу-Жабағылы сынды туристік нысандардың қызметін дамыту керек деп ойлаймын. Себебі тарихи, көркем жерлер іздеп Еуропаға саяхаттайтын көрші елдің туристері Қазақстанға көңіл аударуы мүмкін. 

Мамандар Украинадағы оқиғаларға байланысты Қазақстан арқылы ұшатын транзиттік ұшақтар саны артуы мүмкін дейді. Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жолаушылар ұшағының маршруттарындағы өзгерістер біздің елге қалай әсер ететінін алдын ала болжап та қойды. Тіпті соңғы бір ғана тәуілікте еліміздің әуе кеңістігі арқылы 1155 рейс ұшқан. Демек, транзиттік бағыттардан бөлек әуе кеңістігін пайдаланудың өзі еліміздің қоржынын қампайта түседі деген сөз. Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға бағытталған рейстердің артуы елімізге айына 1,5 млн доллар көлемінде қосымша табыс әкеледі, дейді мамандар.

Ардақ Өтепов, азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

- Қазірдің өзінде Ақтау әуежайына шетелдің ірі әуе компанияларынан өтініштер келіп түсіп жатыр. Мысалы, жанармай құю үшін техникалық қонуды және Египет пен Тель-Авивке ұшуды жоспарлап отырған "Белавиа" авиакомпаниясы қызығушылық танытуда. 

Шетелдік сапарлардың қымбаттауы еліміздің ішкі туризміне оң септігін тигізуі мүмкін. Міне бұл туризм саласы мамандарының пікірі. Қазақстандағы демалыс аймақтары бағаны да, қызмет көрсету аясын да бір жолға қояды деп сенейік.

Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев