Ә.Қуантыров: Өңір экономикасы Украина мен Ресейдің келіссөздеріне байланысты

Ресейге салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына тигізер әсерін нақты бағамдау әлі ерте, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің нәтижесіне байланысты болмақ. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді. Бұған дейін хабарланғандай, Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе отырып, дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын қабылдаған еді. Жоспар оптимистік, базалық және іс тіптен насырға шапса, пессимістік сценарий бойынша іске асырылмақ. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, мемлекет ең алдымен барлық әлеуметтік міндеттерді жүзеге асырудың жолдарын қарастырып қойған.

Әлібек Қуантыров, ҚР ұлттық экономика министрі:

– Қазір бізде инфляция дәлізі 5-6 процентті құраса, бұл көрсеткіш 1-2 немесе одан да көп пунктке өсуі мүмкін. Ал песссимисті сценарийде одан да артатыны белгілі. Бірақ қазір қандай да бір болжам жасауға ерте. Өйткені жағдай не күрт жақсаруы, не күрт нашарлауы мүмкін. Ол Украина мен Ресей арасында жүргізіліп жатқан келіссөздерге байланысты. Егер  осы екі ел арасында жағдай тез арада оңалмаса, онда экономикаға тигізер зардабы да ауырлай түспек. Сәйкесінше, бұл мәселе жылдам шешілсе, онда аймақ  экономикасына да ықпалы азаяды.