Көкшетауда қант бағасы күрт қымбаттап кетті

Көкшетауда қант бағасы қымбаттап, сауда орындарында қарбалас басталды.

Халық әсіресе көтерме базарларды торуылдап жүр. Таңнан бері оларда ұзынсонар кезек.

Тұрғындардың айтуынша, кеше ғана 25 келілік бір қап қант 8 мың теңге болса, бүгін ол 10 мың теңгеден асып кеткен. Бағаның өсуі мүмкін немесе мүлдем қант болмай қалуы ықтимал деп қорыққан тұрғындар жаппай қант сатып алып жатыр.

Ал тұрақтандыру қорының өкілдері «алаңдауға негіз жоқ, қоймада қант қоры бар» деп отыр. Бірақ олардың өзі әлеуметтік дүкендерде аталған өнім бір адамға 2 келіден артық берілмейтінін жасырмады. Жауаптылар жақын арада бұл жағдайға қатысты мәлімдеме жасайтындарын жеткізді. Қантқа қатысты қарбалас Қарағандыда да байқалады. Жұрттың жаппай кезекте тұрғаны әлеуметтік желіде тарап жатыр.