Қарағандыда қант бағасын тұрақтандыру шаралары қолға алынды

Қарағандыда қант бағасын тұрақтандыру шаралары қолға алынды

Қарағандыда арнайы мониторингтік топ қант бағасын тұрақтандыру шараларын қолға алды. Қазір қала дүкендерінің көбінде қант жоқ. Кейінгі күндері сұраныс бес есе артқан.

Қарағандыда қантқа деген сұраныс артты. Қазір  кейбір супермаркеттер мен дүкендердің сөресі босап қалды. Енді бірінде баға шамамен 60-80 теңгеге дейін қымбаттаған. Тек санаулы жерде келісі  375 теңгеден сатылып жатыр. Оның өзін сөреге жеткізбей, талап алып жатыр.  

Мария Науменко, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Бұл дүрбелеңді адамдар өздері жасап жатыр ма деп ойлаймын. Мүмкін кейбір жоғарыдағылардың әрекеті ме... Басқа дүкенге барсам онда келісі 460 теңге шамасында екен. Осы жерден алып жатырмын. Үйде екі адам ғана тұрамыз, сонда да 3 келі сатып алдым. 

Халық арасында негізсіз дүрбелең бар- дейді мамандар. Қазір қант қоры жеткілікті деп отыр. Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше қоймаларда 500 тоннадан астам ақ тәттінің қалдығы бар. Бұдан басқа тағы он вагон қантқа тапсырыс берілген. Ал мониторингтік топ арадағы алыпсатарлардың тағы қымбатқа сатпауын қадағалайды.

Ирина Мосина, кәсіпкерлік бөлімінің ауыл шаруашылығы және сауда секторының меңгерушісі:

- Жалпы айтқанда қантқа мұқтаждық жоқ. Керсінше 10 вагон қант келеді деп күтіп отырмыз. Көтерме саудалаушылар қант келісін 360-380 теңге арасында сатып жатыр. Ал оның әлеуметтік маңызы бар екенін ескерсек, 15% артық баға қосуға болмайды. Сондықтан сауда орындарында ол 414-437 теңге аралығында болуы тиіс.

Малика Күсенбаева, «Сарыарқа адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

- Мониторингтік топ тәулік бойы бақылау жүргізуге әзір. Әлеуметтік павильондар мен ірі дүкендер желісі де бақылауға алынады. Облыста ресми түрде қант қоры жеткілікті, бағасы қымбаттаған жоқ. Бірақ кейбір алаяқтар сұраныс бар екенін біліп, қантты жаппай сатып алып, оны әлеуметтік желілер арқылы келісіне 500-ден 900 теңгеге дейінгі аралықта сатып жатқан фактілер тіркелді.

Мониторингтік топ өзге де тауар бағасын тұрақтандыру шараларын қолға алды. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар өнімдерге маңыз беріледі.

Еске салсақ, бүгін ауыл шаруашылығы министрлігі елде қант қоры 90 мың тонна екенін айтқан болатын. Осыған байланысты халықты қолдан тапшылық жасамауға шақырады.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев