СҚО-да ісмер әйел аудан орталығынан шағын цех ашты

Солтүстік қазақстандық Әсемгүл Ташметова аудан орталығында шағын цех ашты. Киім тігеді. Қазір оның коллекциясында балалардан бастап, ересек адамдарға арналған киімнің алуан түрі бар.

Әсемгүл Ташметова осындай қалың көйлектерден бастап, тапсырыс бойынша кез келген киімді тігіп береді. Ісмер келіншек бұған дейін есепші, тіпті ауыл әкімі болып жұмыс істеген. Бірақ өз ісімді бастаймын деген ойын тастаған жоқ. Соңғы себеп осы болды.

Әсемгүл Ташметова, кәсіпкер:

- Пандемиядан кейін біз баратын дүкеннің киімдері қымбаттап, сапасы нашарлап кетті. Содан Түркиядан мата алып, отбасыма өзім тіге бастадым. Оны көрген адамдар тапсырыс бере бастады. Енді мемлекеттен грант алып, кәсібімді дамытқым келеді.

Қазір ол 4 адамды жұмысқа алып, шағын цех ашты. Биыл «Бастау Бизнес» кәсіпкерлікті дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы болып өзгертілді. Енді оқу курсынан өткендерге 1 млн 225 мың теңге қайтарымсыз грант беріледі.

Ғабит Сақтағанов, Мағжан Жұмабаев ауданының жұмыспен қамту орталығының директоры:

- Биылғы жылы 46 грант қарастырылған әзірше. Ол сан ұлғаюы мүмкін. Әрине оның ішінде категория бар өзінің. Мысалы, 29 толмаған жастарға беріледі, мүгелектігі бар азаматтарға беріледі, одан кейін аз қамтылған отбасылар, атаулы әлеуметтік алатын отбасылар кіргізіледі оның ішіне. Және де көп балалы отбасылар.

Былтыр Мағжан Жұмабаев ауданында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 100-ден аса адам кәсіп ашты. Оның арқасында елді мекендерде жаңа жұмыс орындары құрылды. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев