Бес майнинг ферма «Astana hub» арқылы 8,5 млрд теңгенің жеңілдігін алған

Бұл туралы Республикалық есеп комитеті экономиканың нақты секторына аудит жүргізу бөлімінің басшысы Ақылбай Ыбыраев мәлімдеді.

Оның айтуынша, аталған 5 ұйымның біреуі ғана майнинг ферма ретінде тіркелген. Қалғаны өздерін стартап-компания ретінде көрсеткен. Бүгін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың аралық бағалауы талқыланды. Есеп комитетінің өкілдері Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мемлекеттік бағдарлама арқылы игерілген қаржыға қажетті деңгейде мониторинг жүргізбеген деп отыр.

Ақылбай Ыбыраев, есеп комитетінің экономиканың нақты секторына аудит жүргізу бөлімінің басшысы:

- Қолданыстағы заңнама бойынша олардың бұл әрекетін заңсыз деп айтуға келмейді. Заңнаманың ескерусіз қалған тұсын пайдаланған деуге болады. Сондықтан біз бүгін осы олқылықты реттейтін заңнамалық өзгеріс енгізу мәселесін ұсынып отырмыз.

Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Асқар Жамбақин аталған қаржы желге ұшты деп айтуға келмейді деді. Себебі стартап ретінде тіркелген компаниялар да ІТ-компания ретінде «Astana hub» ұйымының базасына тіркеле алады.

Асқар Жамбақин, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:

- Қазір бұл мәселені шешу үшін тіркелу ережесіне өзгеріс енгізіп жатырмыз. «Astana hub» ұйымының кез келген резиденті салық, кеңсе жалдау және өзге де мәселелер бойынша жеңілдіктер ала алады. Сондықтан мұндағы қаржы желге ұшты деуге болмайды.