Іскерлік туризм лидерлерін еліміздің қонақжайлық саласын дамытуға тарту көзделді

Сырттан қонақ келсе мақтанар дүниеміз аз емес. Табиғаттың өзі сан қырлы. Биылдыққа елде 700 мың шетелдік турист демалады деген есеп бар. "Қонақ келсе қой егіз табады" деген қазақпыз. Мамандар осы келім-кетімді жұрттың арасынан іскерлерін тартсақ дейді. Пайданың көзін білетін қонақтардан біз үйренер едік.

Іскерлік туризм – туризм саласының қозғаушы күші. Оның маңызын билік те, бизнес те жақсы түсінеді. Алайда әлемдік көшбасшы кәсіпкерлерді Қазақстанға әкелу оңай емес. Пандемия және жаһандағы геосаяси ахуал күрделі болып тұрған уақытта тіптен қиындай түсті. Әлемде былтырға жоспарланған 8000-ға жуық іс-шараның 27 проценті кейінге шегерілсе, жартысына жуығы онлайн өткен.  

Ғалымжан Сейілов, "Қазақ туризм" ҰК Іскерлік туризм бойынша бас менеджері:

- Халықаралық ассоциациялардың іс-шараларын алып келу оңай емес. Өйткені біз қыстыгүні халықаралық экскурсоводтар ассоциациясының бір іс-шарасын алып келу үшін қатыстық, онда 8 ел қатысты бізден басқа, Түркия, Жапония, Италия, Ұлыбритания деген секілді елдердің арасынан таңдап алады. Сондықтан біздің ұсыныс ол елдердің арасынан әлдеқайда жақсы болу керек. Баға жөнінен. Тек баға емес әрине, бір қаланың көбірек жерден әуе қатынасының болуы.

2019 жылы елде халықаралық қауымдастықтар 18 іс-шара ұйымдастырған екен. Бұл ең жоғарғы көрсеткіш. Ал пандемиядан кейін әуе қатынастары қалпына келсе де іскерлік туризм аса дамып кете қойған жоқ. Сарапшылар бұған стратегиялық жоспардың болмауы себеп дейді.  

Қайырболат Сахметов, дипломатиялық клуб президенті:

- Іскерлік туризмді дамыту үшін ең алдымен жағдай жасау керек. Бізде көрме орталықтары, лайықты қонақ үйлер өте көп. Бірақ саланы қолдау қажет. Бұл бизнес үшін ғана емес, туризмге ат салысқан барлық тарапқа тиімді. Өйткені, іскер меймандарды тарту арқылы күн сайын, кем дегенде, 8 жаңа жұмыс орнын құруға болады. Әрі елдің инвестициялық тартымдылығы артады.

Еркін Тикенов, туризм докторанты:

- Цифрлық номадтар деген жаңа тренд шықты. Түрлі саладағы мамандар қай жерде жүрсе де, іскерлік туризмді дамытуға көмектесе алады. Тек оларға жағдай жасау керек. Олар ірі қалаларда ғана емес, барлық аймақта жұмыс істейді. Жібек жолы бойында тұрған мемлекет үшін сауда байланысын дамыту маңызды. Бұл ретте жергілікті билік цифрлық номадтармен байланыс орнатуы қажет.

Әрине сұраныс барда ұсыныс та көбейеді. Енді сол сұранысқа лайық болу үшін халықаралық қауымдастықтармен тығыз байланыс орнатқан ләзім. 

Ғалымжан Сейілов, "Қазақ туризм" ҰК Іскерлік туризм бойынша бас менеджері:

- Мысалы, американдық жазушылар одағы бар еді. Ол кісілер осы жылы келу керек еді. 250-ге жуық Американың түрлі БАҚ құралы мүшелері, бірақ өкінішке орай, саяси жағдайға, геосаяси жағдайға, пандемиялық түрлі реттеулерге байланысты ол кісілер кейінге қалдырды деуге болады. 

Әзірге Алматы мен Нұр-Сұлтандағы іскерлік туризмнің көші ілгері. Бірінде корпорациялық жиындар өтсе, енді бірі халықаралық қауымдастықтардың назарына ілікті. Үрдісті өзге өңірлерде де іліп әкету маңызды. Ол үшін нарық ойыншыларының беделін арттыру қажет дейді сарапшылар. 

Еркін Тикенов, туризм докторанты:

- Біз көптеген шараны қонақ үйлерде өткізіп жатамыз. Бұл шағын ғана нарық қой.  Бәсекеге қабілетті арттыру үшін, арнайы жабдықталған, кең залдардың көбейту керек. Негізі бизнес саяхатшының елде тағы екі-үш күн қалуына себеп болатындай жағдай жасау қажет. Тіпті кейін оның отбасымен қайта келетіндей қыызғушыылғын арттыруға тиіспіз.. Өйткені келген адам елге инвестициядан бөлек, қыруар қаржы қалдырып кетеді. 

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Іскерлік туристердің 80 процентін Еуропа қабылдайды. 15 проценті Азия елдерінде бас қосады. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіш. Әзірге жаһандағы бизнес саяхатшылар белсенді емес. Бірақ, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Сондықтан Қазақ туризм компаниясы үздік тәжірибелерді кәдеге жаратпақ. Осылайша Гонконгтағыдай "конференция елшісі" бағдарламасын қолға алды. Арнайы дайындалған мамандарға мемлекет қолдау көрсетеді. 

Мерей Мұратханқызы, Самат Сүлейменов