Ақтауда Halyk Bank филиалы ашылды

Ақтауда Halyk Bank облыстық филиалының жаңа ғимараты ашылды. Озық үлгіде салынған нысан аумағы 7 мың 200 шаршы метр. Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің міндетін атқарушы Бекбол Орынбасаров, «Halyk Bank» АҚ Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова мен банктің компания клиенттерінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Halyk Bank облыстық филиалының жаңа мекенжайы 14 шағын аудан, №74 ғимарат. Банк кеңсесі 4 қабатты. Мұнда әкімшілікті қоса алғанда 200 қызметкер отырады. Жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсететін негізгі бизнес бөлімшелері де осы жерде.

Шолпан Илмұханбетова, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қаржы директоры:

– Маңғыстау өңіріндегі ең ірі клиент деп саналамыз. Біздің компаниямызда 4 мыңға жақын жұмысшылар жұмыс жасап жатыр. Көбісі аудан-қалаларда, ауылдық жерлерде тұрады. Ол жақта Halyk Bank-тің ең ірі филиалдық желілері бар. 50 жыл осы банкпен бірге жүрміз.

Halyk Bank филиалында 340 адам клиенттерге корпоративті, шағын және орта, сондай-ақ бөлшек бизнес түрлері бойынша қызмет көрсетеді. Несие портфелі 123 млрд теңгеден, ал депозит портфелі 152 млрд теңгеден асады. Банктің жалпы Стратегиясы аясында филиал қызметкерлері цифрлық процесстерді трансформациялау, экожүйе құру мен барлық клиенттер үшін онлайн байланысты дамытуға белсенді қатысуда.

Үміт Шаяхметова, «Halyk Bank» АҚ басқарма төрағасы:

– Біз үшін бұл ғимарат өте маңызды. Құрылысын ерте бітіру жоспарда болғанымен пандемия кедергі болды. Біздің банк Маңғыстауда көшбасшы қаржы ұйымы саналады. Жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсету жағынан алатын үлесіміз 50%-тен асады. Халықтың депозитке салған қаржы көлемі 100 млрд теңгеге жуық. Ал шағын және орта бизнес портфелі 100 млрд теңгеден астам.

Halyk Bank әлеуметтік мәселелерді назардан тыс қалдырған емес. Зағиптар қоғамына «Инватакси» сыйлап, шағын ауданда балалар ойын алаңын орнатты. «Біз біргеміз» акциясы кезінде 28 мыңнан астам көпбалалы отбасы мен ІІ-ІІІ топ мүгедектерін азық-түлікпен қамтамасыз етті. «Халық» қайырымдылық қорынан 2 мыңнан көп жанұя атаулы көмек алды. Банк филиалы атсалысуымен жүздеген мүжәлсіз отбасы баласы «Мектепке жол» шарасы шапағатына бөленіп, Ақтауда 500 тал көшеті егілді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев