Маңғыстауда әйелдер бұрын болмаған кәсіп түрлерін дамытуда

Маңғыстау облысының Бейнеу елді мекенінде жеке кәсіп ашып, ауылдастарына жұмыс ұсынған кәсіпкер көп. Басым көпшілігі іскер әйелдер. Кейбіреуі мемлекеттен қайтарымсыз грант алып шаштараз, тігін шеберханасын ашқан. Өз қаражатына шағын кәсіпорын көтергендері де бар. Тағы бірі бизнес-жоба әзірлеп, Бейнеуде бұрын болмаған кәсіп түрлерін дамытуға кіріскен. 

Назкен Елемесова жастайынан іс тігіп үйренген. Былтыр атаулы әлеуметтік көмек алушы ретінде 612 мың теңге грант ұтып, бала күнгі арманы орындалғанын айтады. Бұл қаржыға тігін машиналарын сатып алып, шағын ғимаратты жалға алды. Қазір 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Назкен Елемесова, кәсіпкер:

- Қызығушылығы бар қыз-келіншектерді баулып жатырмын. Шүкір, қазірдің өзінде 3 оқушым бар әрі көмекшім. Шағын ательемен тоқтап қалмаймын. Дамитын жоспарым бар 2023 жылға. Жұмыссыздарды жедел даярлау курсынан оқыту. Сосын оларды жұмыспен қамтумен айналысқым келеді. 

Бұл ательені іскер әйел өз күшімен ашып, жұмыссыз қыз-келіншектерге табыс көзін ұсынған. Аудандық жұмыспен қамту орталығымен келісімшартта отыр. Соның негізінде келер айда тағы бірнеше адам алмақ. Шағын кәсіпорында қыз жасауы, құрақ көрпелер, ұлттық үлгідегі ерлер мен әйел киімдері тігіледі. 

Ұлттық киімнің бірі жадағай. Меринос қойдың жүнімен, түйенің жүнін де өңдеп, қазіргі таңда тігіп жатырмын. 2 ай арнаулы курстан өткізіп, сосын 8 тігінші жұмысқа қалады. Сосын бізде жұмыс көлемі үлкейеді деген сөз. Бұрын 10 тігіншім болса, енді бұйырса 18 тігінші болады.

Таңат Нұрмағанбетов, "Бейнеу аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы" ММ басшысы:

- Былтырғымен салыстырғанда 12%-ке өсім бар кәсіпкерлік саласында. Белсенді тұрғындарының 30 пайыздан астамын жұмыспен қамтып отыр. Және осы ауданның салығына түсетін меншікті кірістердің 35 процентін осы кәсіпкерлер түсіріп отыр. Соңғы кезде әйелдердің белсендігі байқалады, әсіресе қызмет көрсету. Сауда-саттық, тігін салаларында. Грант алған азаматтардың басым бөлігін әйелдер құрайды.

Бейнеу кәсіпкерлері 2021 жылы 120-дан астам жобаға несие алған. Соның ішінде 86 жобаны іскер әйелдер жүзеге асыруда. Қазір аудан көлемінде кондитерлік өнімдер дүкені, сұлулық салондары мен жылыжайлардың саны артқаны байқалады. 

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев