АНК ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерді қаржыландырады

Аграрлық несие корпорациясы жыл соңына дейін 14 мыңнан аса ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын кәсіпкерді қаржыландырады.

Бұл дегеніміз 350 миллиард теңге. Жеңілдікпен берілетін қаржы ауыл шаруашығы өнімдерін қайта өңдеуге және мал мен өсімдік шаруашылығына қарастырылған. Әрі ауылдағы басқа бизнес түрлеріне де қолдау көрсетіледі.

Сыйымдылығы 2200 тонна болатын мына жеміс-жидек сақтау қоймасы 2018 жылы ашылған. Заманауи қондырғылары Франция, Германия, Голландия сынды мемлекеттерден алынды. Жеміс-жидек 7 айға дейін сақталады. Кәсіпкер қойманы салу үшін жеңілдетілген несие алған. 

Ермек Құлманбетов, жеке кәсіпкер:

- Аграрный кредитный корпорациядан 215 млн кредит алып, осыны қостық. Ультрафиолет арқылы патогендерді өлтіретін жүйесі бар. Соны қолданамыз. Енді арғы жағында тағы бір жер дайындап отырмыз. Ол тек қана көкөністерге ғана болады.

Көмек қаржымен кәсібін кеңейткендердің бірі Әскербек Дүйсенбаев. 30 жылдан бері тіс емдеумен айналысқан дәрігер корпорациядан ақша алып, емдеу орталығын ашты. Бүгінде 6 ауыл жұртына қызмет көрсететін мекеме 7 маманды жұмыспен қамтыған. 

Әскербек Дүйсенбаев, тіс емханасының басшысы:

 - Екі установка алдым, стерилизационный лабораторияға копинг деген аппараттар алдым. Біздің район бойынша рентген аппарат именно ауыз қуысын түсіретін тістерді ондай жоқ болатын. Кредит алғаннан кейін бірінші жұмысым сол болды. Мен визеограф сатып алдым.

Аграрлық несие корпорациясы 2001 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Биыл Жамбыл облысында 1 мың 200-ден астам шаруаның жобасына 12,5 млрд теңге көлемінде қолдау көрсеткен. 

Бауыржан Тәжібаев, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Жамбыл облысы бойынша директорының орынбасары:

 - Екінші деңгейлі банктерден айырмашылығымыз бұл жерде кепіл затына ешқандай шектеу жоқ. Яғни Қазақстанның кез келген жерінен қоюға мүмкіншілік бар. Және де қабырға материалына соғылған мерзіміне ешқандай шектеу жоқ.

Компания 3 түрлі несие бағдарламасын ұсынады. Қайтаруы қолайлы. Кәсіпкердің ыңғайына қарай жарты жылда 1 рет немесе тоқсан сайын төлеуге болады.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә