Шетелдік туристерге салынатын 5% салық бизнеске кедергі келтіреді

Шетелдік туристерге салынатын 5 процент салық бизнеске кедергі келтіреді.

Онсыз да қалт-құлт етіп жүрген қонақ үй саласы құрдымға кетеді. Өскемендік кәсіпкерлер Үкіметтің 2023 жылдан бастап енгізуді жоспарлап отырған жаңа ережесіне осындай уәж айтты.

Шетелдік туристерден алым алу халықаралық тәжірибеде бар дүние. Германия, Италия, Испания секілді мемлекеттерде 10 жылдан бері қолданылып келеді. Ал біз бұған дайынбыз ба? Өскемендік кәсіпкер Рустам Адамовтың пайымынша, жаңа ереже енгізілсе, еліміздегі қонақ үй иелері бағаны көтеруге мәжбүр болады. 

Рустам Адамов, кәсіпкер:

- Венеция мен Парижде бұл алымды туристердің санын шектеу үшін енгізген. Бізде керісінше ғой. Онсыз да ат төбеліндей туристерді шошытып алмаймыз ба? Бұл бәрінен де қонақ үй бизнесін заң аясында жүргізіп жүрген кәсіпкерлерге қиын тиейін деп тұр.

Туристік сала сарапшыларының айтуынша, жаңа ереже заңды тіркелген кәсіпкерлердің санын азайтып, табысын жасыратындардың қатарын көбейтуі әбден мүмкін. 

Асқар Оразбаев, Қазақстан туристік қауымдастығы ШҚО филиалының басшысы:

- Бұдан ең әуелі нарықта ашық жұмыс істеп жүрген азаматтар жапа шегеді. Тіпті, жұмысы тоқтап қалуы да мүмкін. Олардың жазығы қанша? Қаншама қаражат салып, бизнесін дамытты. Салықты уақтылы төлейді. Бұларды нысанаға алғанша, көлеңкелі бизнесті көркейтіп жүрген, салықтың бәрінен босатылған пәтерді жалға беретіндерді неге бақылауда ұстамаймыз?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл басынан бері елімізге 400 мыңға тарта шетелдік турист келген. Қонақ үйлер 130  миллиард теңге табыс тапқан. Ал әлемдік туристік қауымдастықтың есеп-қисабына жүгінсек, заңды тіркелген бір турист қонақ үй үшін 11 жұмыс орнын құрады екен. Сондықтан салық енгізуге асықпаған жөн дейді кәсіпкерлер.   

Марат Қабақов, ШҚО кәсіпкерлік және ИИД басқармасы басшысының орынбасары:

- Биылғы жылды әлемді әбігерге салған пандемия өршіген өткен жылдармен салыстыруға болмайды. Кәсіпкерлердің жайын да ойлауымыз керек. Осы орайда біз Мәдениет министрлігіне өз ұсынысымызды жолдадық. Жауабын күтіп отырмыз.  

Әзірге өңірде қонақ үй бағасы өскен жоқ. Аймақтағы туристік салаға жауапты мамандар да осыған мүдделі. Алайда жергілікті кәсіпкерлер 5 пайыз алымды әуелі туристер көп келетін Астана мен Алматы секілді үлкен қалаларда енгізген жөн деп санайды.  

Азамат Қасым, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин