Елімізде төрт мыңға жуық жас маман ауылдық жерге жұмысқа тартылды

Биыл елімізде 4 мыңға жуық жас маман ауылдық жерге жұмысқа тартылды.

Оларға мемлекет «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы арқылы қолдау көрсетті. Ауылға қоныстанған мамандарды несиелеу бағдарламасының қаржылық агенті Аграрлық несие корпорациясы.

Олжас пен Лаура «Дипломмен ауылға!» мемлекеттік бағдарламасына қатысып баспаналы болғандардың қатарынан. Ерлі-зайыпты жұп Жібек жолы ауылында тұрады. Қазір ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Олар мемлекеттік жобамен құжаттарын рәсімдеп пайызы төмен несиеге қол жеткізді.

Олжас Абдрахманов, педагог:

- Тиімділігі үш жыл жұмыс істеу керексің. Үш жыл ішінде жұмыстан шығуға болмайды. Ал егер басқа мектептерге тұрам, басқа қызметтерге тұрам десең осы Аршалы ауданының ішінде кез келген жұмысқа барып тұруға болады. Былай айтқанда тегін ғой енді. Бұндай ақшаны ешкім бермейді. Сондықтан мен өте қуанам. Мынандай жағдай істеп отырғандарына.

Бағдарлама ауылға мұғалім, дәрігер, мәдениет және спорт, әлеуметтік қамсыздандыру қызметкері, мал дәрігері сынды жас мамандарды тартып, кадр тапшылығын азайтуды көздейді. 

Мерген Сейтқожин, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Астана қалалық филиалы ауылдық ипотека маманы:

- Бұл бағдарламаның басты мақсаты ауылды жерлерге білікті мамандарды тарту. Бағдарламаның ерекшелігі бұл несие 15 жылға беріледі. Пайыздық мөлшерлемесі 0,01 пайыз. Өте тиімді. Максималды берілетін сумма 1500 айлық есептік көрсеткіш. Айлықтық есептік көрсеткіш өзгерген сайын суммада өзгереді.

Аграрлық несие корпорациясы «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы басталғалы бері жалпы сомасы 141 млрд теңгеден астам несие рәсімдеген. Соның арқасында ауылдағы 45 мыңнан астам жас маман баспаналы болды.

Руслан Бақытбекұлы, Артур Горшняков