«Qazaq Oil» ЖҚС ұлттық желісінің үздік станциялары шығыста болып шықты
«Qazaq Oil» жанармай құю станциялар ұлттық желісінің еліміздегі ең үздік станциялары ел шығысында болып шықты.
Компания басшылығының жанармай құю бекеттері арасында ұйымдастырған «Чемпиондар лигасы» байқауының нәтижесі осыны көрсетті. Конкурстың барлық талаптарынан мүдірмей өткен өскемендік станция екінші орынды иеленсе, таскескендік бекет бірінші орынға тұрақтады. Бір ұжым Бурабайға барып демалса, енді бірі Мысыр елін көріп қайтты.
Қыс ортасында Мысыр елін аралап, Қызыл теңізді жағалап қайтқандардың бірі Ғибадат-Сіләмия Айтқазинова. Үржар ауданы Таскескен ауылындағы «Qazaq Oil» жанар-жағармай құю бекетінің кассирі. Ешқашан шетел асып көрмеген ол тосын сыйға ерекше қуаныпты. Елдегі 380-нен аса бекеттің ішінен өз станциясының топ жарғанына таңқалады.
Ғибадат-Сіләмия Айтқазинова, Таскескен ауылы ЖМҚС кассирі:
- Үлкен қалалар бар, Астана, Алматы, Атырау, Ақтау деген сияқты үлкен қалалар ішінен ауылдық АЗС-тің жеңіп кеткені біз үшін үлкен жетістік болды, енді басында сенер-сенбес болдық.
Жеңімпаз деп танылған бұл ұжым бұрын аяқ баспаған Мысыр еліне саяхаттап қайтты. Қарапайым жұмысшы үшін еңбектің еленгенінен асқан қуаныш бар ма.
Қайрат Нүсіпов, Таскескен ауылы ЖМҚС операторы:
- Жақсы керемет демалыс болды, командамызбен барып, жақсы қуанышты демалып қайттық, өте ризамыз Египетке бардық, Мысыр еліне барып демалдық.
Таскескендік ұжымның өскемендік әріптестері де осал түспеді. Республикалық сайыстың екінші орынына тұрақтап, Бурабайға жолдама ұтты.
Әсемгүл Кетшубаева, Өскемен қаласы №111 ЖМҚ кассирі:
- Екінші орын алған кезімізді естіген кезде эмоциямызды енді айта алмаймын, әрине қуандық өте қуанышты болдық, әрқайсы өз жұмысын нақты атқарған арқасында жеңдік деген ойдамын.
Чемпиондарға қойылған талаптар оңай емес. Қызмет көрсету, тәртіп, сатылым. Бәрін қазылар алқасы IT-бағдарлама арқылы екшеледі. Ел бойынша 5 мың адамды жұмыспен қамтып отырған «Qazaq Oil» «Чемпиондар лигасы сайысын биыл да өткізеді. Бұл үлкен ұжымға лайықты құрмет болса керек.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов