Қазақстан-Германия ынтымақтастығы талқыланды
Германияда ресми Астана мен Берлин арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Екі елдің дипломаттары өзара тиімді шарттар жөнінде пікір алмасты.
Неміс еліне Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко басқарып барды.
Қазақстан мен Германия стратегиялық серіктестер. Берлинде өткен саяси консультациялар барысында дипломаттар бірқатар маңызды мәселені қарастырды. Оның ішінде экономикалық және саяси ынтымақтастық басты назарда. Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Германия СІМ уәкілі Маттиас Люттенберг елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету туралы пікір алмасы.
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Германия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі серіктестерінің бірі. Яғни саяси диалогты қолдау маңызды. Сондықтан консультациялар барысында біз осы диалогты одан әрі нығайтудың жоспарын талқыладық. ЕҚЫҰ аясындағы, БҰҰ алаңындағы және климаттық проблемаларды шешу жолында ынтымақтастық біздің талқылауымыздың негізгі тақырыбы болды.
Саяси қатынастан бұрын қос тарапты ұлттаралық достық байланыстырады. Есеп бойынша қазір елімізде 226 мың неміс ұлтының өкілі тұрады. Сондай-ақ соңғы 31 жылда 1 миллионға жуық қазақстандық немістің тарихи Отанына қоныс аударғаны белгілі. Осындай тығыз байланыс нәтижесінде Қазақстандағы неміс диаспорасын қолдауға бағытталған жобаларды талқылау үшін кездесу өткізу дәстүрге айналған. Бұл жолы Берлинде комиссияның 19 отырысы өтті, нәтижесінде коммюникеге қол қойылды.
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Бұл бірегей байланыс. Қазақстанда басқа мемлекеттермен мұндай комиссия жоқ және бұл біздің еліміздегі этникалық немістердің өмір сүруіне барынша қолайлы жағдай жасау үшін, екі мемлекеттің Үкіметтері қабылдап жатқан шараларды талқылау шарасы. Оның мақсаты жастарды оқыту, неміс тілі мен мәдениетін үйренуге жағдай жасау, достық қатынасты нығайту.
Сонымен қатар Берлинде Роман Василенко Бундестаг депутаттарымен кездесті. Неміс парламентшілерімен тараптар Қазақстанда өткен парламенттік сайлаудың қорытындыларын, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский