WorldSkills Zhetysu 2023 жарысы күнделікті қажет мамандық иелерінің үздіктерін анықтайды

Жетісу облысында колледж студенттері арасында ерекше жарыс өтіп жатыр.

Білімгерлер спорттан ғана емес, оқып жатқан салалары бойынша да сынға түсті. Байқауға 2 жүзге жуық студент келген. Олар Талдықорғандағы және Текелідегі колледждерге бөлініп, 27 мамандық бойынша үздіктерді анықтайды. Дәнекерлеушілер темірден түйін түйсе, ағаш шеберлері жиһаз жасап, шаштараздар, шаш қию үлгісін көрсетті. Аспаздар түрлі тағам әзірледі. Графикалық дизайн, бағдарламалау бойынша да мықтылар сараланды. Жастардың еңбегін кәсіпорын жетекшілері мен тәуелсіз сарапшылар бағалайды. Кейін Жетісу облысының құрамасы жасақталады. Үздіктер маусым айында Астанада өтетін республикалық сайысқа қатысады.

Ерхат Мұқажанов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Нарықтағы қажетті мамандарды даярлауға қазіргі кезде өндірісте болып жатқан технологиялық өзгерістерді барылғын есепке алып, жаңа оқу бағдарламасына енгізіп, осы бағдарламаға сәйкес мамандарды даярлауға, сонымен қатар жұмысшы мамандардың абыройын көтеріп,  мүмкіндіктерін асыруға мүмкіндік береді.