Алматыдағы халықаралық форумда жаһандық экономика жайы талқыланды
Қандай амалдар экономикалық дағдарысты еңсеруге мүмкіндік береді. Осы сұрақтар Алматыда өткен халықаралық ғылыми форумда талқыланды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Сарапшылар әр елдің экономикалық даму ерекшеліктерін талқылап, тәжірибелерімен бөлісті. Ғылым мен бизнесті ұштастыру мәселесін де көтерді. Форум академик, экономист Кенжеғали Сағадиевтің 85 жылдығына арналған. Кенжеғали Әбенұлы саналы өмірін ғылым мен білім беру жүйесін дамытуға арнаған. 150-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген.
Құралай Нұрғалиева, Халықаралық бизнес университетінің проректоры:
- Біздің елімізде, өздеріңіз білесіздер, ғылымды бизнеспен ұштастыруымыз керек. Ғылыммен бизнес ұштасқан жағдайда елімізде үлкен коммерцализация, үлкен жобаларды іске асыруымызға болады. Сондықтан бүгін біздің форумға әлемнің түкпір-түкпірінен Италиядан, Испаниядан, Кореядан бірнеше ғалымдар келіп, өздерінің ойларымен, өздерінің пікірлерімен бөліседі.
Жақсыбек Құлекеев, мемлекет қайраткері, профессор:
- Бұл кісінің экономикадан басқа айналысқан тақырыптары өте көп. Соның ішінде тарих тақырыбын өте жетік меңгерген азамат, мына қазақтың фальклор өнерін, тіл-әдебиетін өте жетік меңгерген. Соның ішінде мына Абайдың философиясын терең зерттеген.