Машина жасаушылар форумы: импортқа тәуелділікті азайту жолдары
Қазіргі таңда машина жасау өнімдерінің елдегі ішкі сұранысы 23 млрд долларға жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның 3,1 млрд-ын отандық компаниялар қамтамасыз етіп отыр. Яғни, импорт басым тұр. Бұл жөнінде Қазақстан машина жасаушыларының ХІ форумы барысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты. Енді импортқа тәуелділікті азайту үшін қаржыландыруды арттырып, жаңа технологияларды енгізіп, бизнеске қолдау жасау керек. Мәселен, Үкімет өңдеу өнеркәсібі саласына 500 млрд теңге бөлуді қарастырған. Қазірдің өзінде машина жасаушылар тарапынан ұсынылған жобаларға 200 млрд теңгедей несие берілген. Бұл қаржылай қолдауды Үкімет биыл жыл соңына дейін 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Машина жасаушылар одағының өкілдері бұл қаражатты осы салада жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілеріне үлестіру тиімді болады деген пікірде.
Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы:
- Автокомпоненттерді басқалары шығару керек. Бүкіл дүниеде солай. Біздің мақсатымыз, ең тиімді болатыны кіші бизнес жұмыс табуы керек. Біз орта, сосын кіші бизнеске сұрап отырмыз ғой. Егер үлкендері кіріп кетсе, 2-3 бөліп алады ол ақшаны. Біз оған тыйым салу керек деп отырмыз. Мына ақшаны Даму арқылы орта және кіші бизнеске берейік.