«ҚазМұнайГаз» Қызылорда облысына тауарлы газ беруді арттырады
Қызылорда облысында Оңтүстік Ақсай газ конденсат кен орны пайдалануға берілді.
Жобаның арқасында Сыр өңірі тұрғындарының қажеттілігін өтеу үшін «Қазгермұнай» компаниясы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бірлескен кәсіпорыны жылына қосымша 100 млн текше метрге дейін газ жеткізетін болады. Осылайша біріккен кәсіпорын тарапынан берілетін көгілдір отын көлемі жылына 200-ден 300 миллион текше метрге дейін артады.
Оңтүстік Ақсай кен орнында 6 газ конденсаттық ұңғымасы үздіксіз жұмыс істеу режиміне көшіріліп, «Қазақгаз» транспорттық желісіне қосылды. Бүгін толық автоматтандырылған «ақылды» ұңғымалар тізбегінің өлшеуіш құралдары газ ағынын жаңадан есептеуді бастады.
Ринат Ізмұханбет, "Қазгермұнай" БК ЖШС бас директордың бірінші орынбасары:
- Қызылорда облысын газбен қамтитын Қазгермұнай компаниясы ғана. Қалған газдың барлығы өтіп бара жатқан магистралдық құбырдан алынады. Сондықтан бүгінгі бастама үлкен мағыналы шара деп есептеймін.
«ҚазМұнайГаз» Мемлекет басшысының төрағалығымен 2022 жылы қазанда өткен газ және энергетика саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңестің қорытындысы бойынша тауарлық газ өндірісін арттыруға белсенді түрде кірісті.
Серікқали Брекешев, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
- Мемлекет басшысының ішкі нарықты тауарлы газбен толық қамтамасыз ету тапсырмасын орындау аясында биыл Батыс Қазақстан облысының рРожков кен орнынан алғашқы газ беріледі деп күтілуде. 24-25 жылғы жоспарымызда Ақтөбе облысының орталық Өріктау кен орнын іске қосып, ішкі нарыққа қосымша 1 млрд текше метр газ әкелу. Одан басқа 27-28 жылдары Қаламқас және Батыс Прорва кен орындарынан 2,1 млрд текше метр тауарлы газ өндіріледі деп күтілуде.
Жалпы «Қазмұнайгаз» компаниясы 2030 жылға дейін ішкі нарықты қосымша 6 млрд текше метр газбен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл ретте Торғай Полеозой және үлкен Жамбыл кен орындарында да ауқымды барлау, бұрғылау жұмыстары жүріп жатыр.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев