Ақтөбе облысында жаңа әуежай мен мұнай-химия зауыты салынады
Бұл өңірде жүзеге асатын инвестициялық жобалардың бірсыпырасы ғана.
Аймақта жалпы құны 3,1 триллион теңге болатын 20-ға жуық жобаны бастау көзделіп отыр. Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов Астанада инвесторлармен кездесіп, алдағы жұмысты пысықтады.
Бұл Ақтөбе әуежайы. Қала маңында орналасқан. Қасында жер үйлер бар. Енді әуежайды көшіру көзделіп отыр. Ол үшін шаһардан 10 шақырым жерден 400 гектар жер бөлінген. Жақында инвестор құрылысты бастамақ. Сәтін салса, жаңа әуежай 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Ерік Шортанбаев, компанияның бас директоры:
- Жаңадан салынатыны халықаралық әуежай болады. Ұзындығы 3,5-4 шақырымдық бірінші санаттағы ұшып-қону жолағы салынады. Барлық деңгейдегі әуе кемесінің қатынауына мүмкіндік жасалады. Жаңа әуежайдың терминалы жылына 1 миллион жолаушыны қабылдай алады. Жобаның жалпы құны 500 млн доллар.
Ірі инвестициялық жобалар жүзеге асады
Әуежайдан бөлек облыста мұнай-химия кешені, теміржол дөңгелектерін шығаратын зауыт бой көтереді. Сондай-ақ инвесторлар «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» республикалық маңызы бар жолды қайта жаңартуға 500 млрд. теңгедей инвестициялауға әзір. Жалпы өңірде жүзеге асатын жобалардың дені өндіріс саласын қамтиды.
Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
- Қасым-Жомарт Кемелұлының негізгі бүгінгі тапсырмасы осы инвестицияны тартуға байланысты негізгі талаптар. Сол талаптарға сәйкес инвесторлардың бәрін шақырдық. Әрбір жоба бойынша нақты жол картасы жасалынатын болады. 3 трлн жуық инвестицияның көлеміне байланысты тағы да бүгінгі кездесудің нәтижесінде келісімдерге келдік.
Инвестициялық жобалардың жиырмасы алдағы екі жылда отандық және шетелдік компаниялардың қолдауымен жүзеге асады. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов ірі бизнес өкілдеріне әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Ең бастысы, жобаны уақытында тапсырмақ керек.
Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров