Шаруа қожалықтары жер дауына тап болды

«Егін егіп, мал жайып отырған жерімізді мемлекет меншігіне алып жатыр» деп, дабыл қаққан олар редакциямызға хабарласты.

Прокурорлар мен шаруалардың  түсініспеушлігіне не себеп?

Ақмола облысы Целиноград ауданында орналасқан бұл шаруа қожалығы Елорданың 30 пайызын ірі қара етімен және ет өнімдерімен қамтамасыз етеді. Сұранысты толық қамту үшін қожалық мал азығының құнарлығын арттыру жұмыстары жүргізуде. Мұнда күніне 30 бас ірі қара мал сойылып, 6 тонна ет өңделеді. 

Марат Сариев, ет комбинатының директоры:

- Біз қазір "обвалочный цехта" тұрмыз. Бізге осында ет әкеледі. Обвалка болады. Күнде 6 тонна болып жатыр.

Серіктестіктің кәсіпорын аумағынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан үлкен алқабы бар. Егістік және жайылымдық мақсатта пайдаланылады. 

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Жер учаскесінің аумағы 1200 га. 2020 жылы Ақмола облысы әкімдігінің қаулысымен Кәсіпкерлікті қолдау картасы негізінде инвестициялық жоба мақсатында берілген. Бірақ 2021 жылы прокурорлар тексеріс жұмыстарын жүргізіп, жер телімінің бәссауда арқылы сатылмағанын анықтады. Сәйкесінше бұл аумақтың мемлекет меншігіне қайтарылу керектігін алға тартып отыр.

Шаруа қожалығы прокурорлармен келіспейді. Жерін даулап сотқа бармақ. Кезінде жасалған келісім шарт әлі де күшін жоймағанын дәлелдемек. 

Әсел Міржақып, шаруа қожалығының заңды өкілі:

- Бизнесті қолдау деп жан-жақтан айқайлайды. Бірақ осы таңға дейін ауылшаруашылық бизнесін қолдап отырған шенеуніктерді көрген жоқпын. Карта жөнінде айтып өтсем, 2016-2022 жылдар бағытында бұл карта жүзеге асырылды. Біз өзіміздің инвестициялық жобамызды толығымен қабылдадық. Қазіргі таңда Кәсіпкерлікті қолдау картасы өз жұмысын аяқтады. Бірақ ары қарай дамытуға байланысты Өнеркәсіп министрлігіне берілді.

Шаруалар мұңын айтып  кәсіпкерлер палатасына барған. Мұндағылар жер иелерінің құқығы бұзылмау керектігін айтады. 

Ернұр Әбжан, "Атамекен" ҰКП департаментінің директоры:

- Біз министрлікке хат жаздық. Бізде негізгі мәселе, аудан әкімдерінің 10 жыл бұрынғы шешімдерінің дұрыстығын қадағалау ма, әлде қолда бар өнім шығарушы шаруаларды тоқтатып, жерін алып қою ма? Ауыл шаруашылығы министрлігінен жауап келді. Өкінішке орай, жер инпекциясы жерді тексеруге құқылы және сотқа беруге құқылы. Сол үшін осы іс-әрекеттерді жасап жатыр. 

Осыдан шамамен 3 жыл бұрын Ақкөл ауданы Домбыралы ауылында сүт фермасын ашқан Мәди Есқараевты да жер дауы айналып өтпеді. Компаниясына қарасты 436 га жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару туралы сот шешімі шыққан. Бірақ, кәсіпкер бұл үкіммен келіспейді. Өйткені бір бөлігі егістік, екіншісі жайылымдық саналатын алқапты 2019 жылы жергілікті әкімдік "Аумақты дамыту жоспары" шеңберінде берген. Жерден айрылсақ, шығынға батамыз, деп ашынады кәсіпкер. 

Мәди Есқараев, "Ақкөл Агро" ЖШС директоры:

- Біздің қасымызда "Фермер" шаруа қожалығы бар. Ол компания бізге қосылған болатын 2022 жылы. Ол ферманы толықтай малымен және техникаларымен бірге сатып алдық. Таңқалатын нәрсе, 2022 жылы біз қосылдық дедік қой. Тексеріс 2021 жылы өткен. Егер ол жер дұрыс емес берілген болса, оны неге тіркеуге алады. 

Бұл шаруашылыққа қатысты іс жыл соңына дейін аппеляциялық тәртіппен қайта қаралады. Даулы іске қатысты облыс әкімдігі де хабардар. Ауыл халқын жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның тағдыры жыл соңына дейін шешілуі тиіс.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Ол азамат менің жеке қабылдауымда болды. Мен мұқият қарадым. Қазіргі таңда кезінде берілген жер учаскелерінің заңға сәйкес олқылықтары бар екен. Сондықтан ол қазір сот шеңберінде қаралып жатыр. Бас прокуратураға заң шеңберінде тағы бір тексерсін деп ұсыныс енгіземін. 

Мәселенің мән-жайын білмекке министрлікке хабарластық. Құзырлы орган соңғы нүктені сот қояды деп отыр. Ал мұндай қожалықтар елімізде аз емес. 

Дамир Егізбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Былтырдан бері мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен елімізде пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару жөніндегі жұмыстарды бастап кеткен болатынбыз. Қазіргі уақытта 12,7 млн га проблемалы жер бойынша нақты шешімдер қабылданып, былтырдан бері 9,5 млн га жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жер пайдаланушылар 3,2 млн га жерді игеруге кірісіп кетті. 

Әлбетте әр тараптың айтар өз уәжі бар. ҚР АШМ жанындағы Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері жер пайдаланушыларға қатысты жалпы алаңы 2,1 млн га жерге 1 мың 100 тексеру жүргізді. Жер заңнамасын бұзу туралы 800 астам ұйғарым шықты. Сот органдарының қарауында қазір 500 мың га жер учаскелері бойынша 209 материал жатыр.

Мирлан Алтынбек, Мұрат Әріпханов, Диас Қовланбаев