Шымкентте креативті индустрияда жұмыспен қамтылған адам саны 3 мыңға жуықтады

Шымкент қаласында креативті индустрия саласында жұмыспен қамтылған халық саны 3 мың адамға жуықтады.

Жергілікті қолөнер шеберлері мен дизайнерлер, кино, анимация және музыка саласындағы озық өнер туындылары ел нарығындағы сұранысты қамтып қана қоймай, көрші мемлекеттерден де тапсырыс қабылдай бастады. Осыған орай жергілікті билік өкілдері креативті өндірісті бұдан әрі дамытудың 5 негізгі бағытын айқындап, оны қолдауға басымдық бермек. Аймақтағы әріптесім тарқатады.

Икрамжан Рафиков 34 жылдан бері зергерлік өнермен айналысады. Бағалы бұйымдарға ұлттық реңк қосып, заманауи сипат берді. Осылайша оның қолынан шыққан алқа-жүзіктерге нарықта сұраныс артты. Алайда атадан балаға жалғасқан ерекше өнер, ұстаздан шәкіртке ауыспай отыр. Жастар жағы шеберханада жұмыс істеуге құлықсыз деп қынжылады.

Икрамжан Рафиков, зергер:

Сырға, жүзік, білезік деген заттар жасаймыз. Бұрынғы бабаларымыз жасаған оюлардың мағынасын түсініп, формасы қандай, ішіндегі оюларын қойғаннан кейін, соны жасап клиенттерімізге тапсырамыз. Бабаларымыздың өнерін ұстап тұрмыз ғой. Соны үкімет анық сақтай алмаса ол жоқ болып кетуі мүмкін.

Ал еліміздегі мультипликация саласында көш бастаған бұл ұжымда 15 суретші-аниматор жұмыс істейді. Шығармашалық ұжым бір жылда ондаған шағын метражды мультфильм ұсынады. Көрермен талғамы өскенде 2D форматындағы анимация 3D-ге ауыстырылды. Нәтижесінде әлемдік талаптарға жауап беретін сапалы туындылар жарық көрді. Балаларға мультипликация арқылы ұлттық құндылықтар мен тарихи таным дәріптеліп келеді.

Оңласын Бөрібеков, суретші-аниматор:

- Біздің киностудияда 15 шақты аниматор жұмыс істейді. Қысқа метражды мультфильм жасау үшін жобамен 2-3 ай кетеді. Бірақ толық метражды анимация жасау үшін әлі көбірек маман керек бізге. Сапалы жасай алатын студияларға тапсырыс жеткілікті деп ойлаймын.

Осы секілді креативті жаңа жобалар республикалық форумда көпшілікке таныстырылды. Саланы одан әрі дамыту үшін инвесторлар тарапы да шақыртылды. Жалпы қалада мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспа ісі, кино, ойын-сауық бағытында 11 жоба жүзеге асырылып келеді. Ал келесі жылдан бастап қаржылай қолдау көлемі артатын болады.

Қуаныш Асылов, қала әкімінің бірінші орынбасары:

- Шымкент қаласының ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін назарға ала отырып біз креативті индустрияның 5 басым бағытын айқындадық. 2024 жылы қаламызда креативті хаб ашу жоспарлануда.

Креативті хабта шығармашылық саласындағы мамандар үшін түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, шоу-рум мен іскерлік кездесулер өткізіледі. Қазір қалада креативті индустрия саласында 3 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылған. Бұл шаһардағы шағын және орта бизнестің 2% жуық үлесін қамтиды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов