Өңірлердің инвестициялық тартымдылығы

Экономикалық зерттеу институтының сарапшылары инвестициялық белсенділіктің төмендеу қаупі бар бес өңірді атап өтті.

Олар Маңғыстау, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан мен Ұлытау облыстары. Негізі аталған аймақтардың инвестициялық тартымдылығы өзгелермен салыстырғанда жоғары. Бірақ, инфрақұрылым тұрғысынан саралағанда өңірлік стандарттар жүйесі төмен екені байқалады. Ал институттың жетекші сарапшысы Дина Бектілееваның айтуынша, әлеуметтік нысандар, инженерлік және көлік инфрақұрылымының жай-күйі инвестициялық тартымдылыққа кері әсерін тигізуі мүмкін.

Инвестиция құю деңгейі де, өңірлік стандарттар жүйесі де жоғары екі шаһар бар. Оларды Жайнагүл ханым сіз әлгінде ғана айтып кеттіңіз. Астана мен Ақтөбеде жан басына шаққандағы негізгі капиталға инвестиция құю көрсеткіші мына кестеде көрсетілген.

- Әрине еліміздің бас шаһары қарқынды дамып жатыр. Астанадағы халықтың халықтың жан басына шаққанда тартылатын инвестиция 1100 теңгеден асса, Ақтөбеде мың қырық теңге шамасында. Ал өңірлік стандарттар жүйесі жөнінен Ақтөбе тіпті бас шаһарды басып озған.

Инвестиция тарту деңгейі салыстырмалы түрде бәсеңдеу болғанымен Алматы мен Шымкент қалалары және Солтүстік Қазақстан облысының инфрақұрылымы жанға ең жайлы саналады. Сондықтан өңірлік стандарттар жүйесі тұрғысынан осы үш өңір Қазақстан бойынша көш бастап тұр. Әсіресе Шымкент шаһарында өмір сүру сапасының деңгейі өзгелерден анағұрлым жоғары.

Өңірлік стандарттар жүйесі төмен Қазақстанның өзге 15 аймағында инфрақұрылымды дамыту мәселесі өзекті болып қала береді. Дәлірек айтқанда, осы өңірлерде инвестициялық тартымдылық пен белсенділікті арттыру аса маңызды. Сонымен қатар, аймақтарды дамытуға бағытталатын инвестициялық жобалар сол облыстардың әлеуметтік, инженерлік және көліктік инфрақұрылымына оң септігін тигізуге тиіс.

Инфрақұрылымды дамыту үшін, әлбетте, еңбек ресурсы ауадай қажет. 2050 жылға қарай Қазақстандағы жұмыс күші 12 млн –ға жетеді деген болжам бар. Мұндай деректі Еңбек ресурстарын дамыту орталығы келтіріп отыр. Қысқа мерзімді болжамға сүйенсек, екі жылда еліміздегі жұмыс күшінің саны 9,5 млн болмақ. 2028 жылдан бастап бұл өсім үдей түседі. Ең алдымен, Астанадағы жұмыс күші 2050 жылға қарай 2,5 есе, Алматыда екі есе артады. Маңғыстау мен Алматы облыстарында 80 пайыздық өсім болжанып отыр. Болжау және зерттеу департаментінің директоры Дмитрий Шумеков жұмыс күші қысқаруы ықтимал өңірлерді атап кетті.

Дмитрий Шумеков, Еңбек ресурсын дамыту орталығы болжау және зерттеу департаментінің директоры:

Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс күшінің 45%-ға қысқару қаупі бар. Сонымен бірге, жұмыс күші азаятын өңірлердің қатарына Қостанай (-29%), Абай (-25 %) және Павлодар (-24%) облыстары кіріп отыр. Мәлімет аз болғандықтан, Жетісу өңіріндегі жұмыс күшінің өсуі не кемуі жайлы нақты айту қиын. Әзірге қысқарады деген болжам ғана бар.

Валюта айырбастау бекеттеріндегі АҚШ долларымен еуроның саудасы биыл бәсеңдеді. Ұлттық банктің қаңтар мен қараша аралығындағы есебін талдаған Финпром сарапшылары осындай тұжырымға келіп отыр. Биыл 11 айда доллардың саудасы 1545 млрд теңгені құраса, еуро 202 млрд теңге шамасында болды. Ал рубльдің саудасы тіптен төмендеген. Былтырғы 11 айда осы үш валютаның саудасы жоғарылау болған еді. Көріп тұрғандарыңыздай, биыл ресейдің рубліне сұраныс едәуір азайған.

Ал енді шетел валютасының өңірлердегі саудасына үңілсек. Алматыда АҚШ доллары 415 млрд, ал еуро 82 млрд теңгеге саудаланды. Шымкентте доллардың саудасы 337 млрд-қа, ал еуроныкі 38 млрд-қа түскен. Астанада 11 айда АҚШ долларының саудасы 143 млрд теңгені құраса, еуро 28 млрд асқан.

Финпромның хабарлауынша, биыл қазақстандықтардың Қытай юаніне сұранысы артты. Қаңтар мен қараша аралығында айырбастау бекеттеріндегі юаннің таза сауда 1 млрд теңгені құраған. Бұл былтырғымен салыстырғанда 8 процентке артық.