Қостанай облысында жастар кәсіп ашуға ынталы

Қостанай облысында соңғы жылда кәсіпкерлер саны 5 мыңға артқан.

Бизнестің дамуына мемлекеттің көмек-қолдауы үлкен сеп. Әсіресе гранттық қаржыландыру мен жеңілдетілген несие жастардың жеке ісін ашуға мүмкіндік тудырды. Мысалы, Лисаков қаласында әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жататын 6 адам кәсіпкерлердің қатарын толықтырды.

Гүлнәр Әлмурзинаның баласы ерекше күтімді керек етеді. Ол үшін емдік дене шынықтырулар күнделікті қажет. Бірақ Лисаков қаласында ондай жандарға арналған не арнайы орын, не маман жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Гүлнәр алдымен емдік шаралардың қыр-сырын өзі оқып үйренген. Сосын мемлекеттік бағдарламамен грант ұтып, массаж, қимыл-қозғалысты жетілдіру кабинетін ашты. Жас кәсіпкер мұнымен шектеліп қалмақ емес.

Гүлнәр Әлмурзина, Лисаков қаласының тұрғыны:

- 2024 жылы 5 миллион тенге грант байқауына қатысқым келеді. Көрсетілетін қызмет аясын әлі де кеңейтпек ойым бар. Балаларға арналған қосымша логопед, нейропсихолог, сенсорлық жүйемен жұмыс істейтін кабинеттер ашсам деймін.

Гүлнәрдан бөлек Лисаковта әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жататын тағы 5 адамға осындай грант берілген. Әрқайсысы жеке ісін ашуға қайтарымсыз 1,5 миллион теңге алды. Біреулері айналымдағы ақшасын толықтырса, енді бірі жаңа кәсіп бастауды ниет еткен.

Ғалия Полтарадина, Лисаков қаласының жұмыспен қамту орталығының басшысы:

- Жаңа істі бастамас бұрын Лисаков қаласының жастары еңбек нарығындағы сұранысты мұқият зерттеп зерделейді. Олардың дамып, алға басуына біз де мүдделіміз. Сондықтан әрқайсысының мүмкіндігін елеп екшей келе, логистика, жүк тасымалы, сауда-саттық, ағаштан бұйым жасау сияқты кәсіп түрлерін таңдадық.

Жастарды шағын несиелеу бағдарламасы Лисаковта биыл алғаш рет қолға алынып отыр. Жаңа жоба өзінің тиімділігін көрсетіп, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Келер жылы бес адам тапсырыс беріп те қойған.

Мағауия Қалиев , Сергей Трахтенберг