Елімізде баға белгілеудегі бақылау күшейтіледі

Елімізде соңғы 5 жыл көлемінде тауар биржаларында мәмілелер бойынша трансферттік баға белгілеуге бақылау жүргізілмеген, деп хабарлайды 24KZ.

Салдарынан нарықтағыдан төмен бағамен, яғни сатып алушымен сөз байласу арқылы капиталды елден шығару қаупі туындаған. Мәселен, 2019 жылы Қазақстандағы тауар биржалары арқылы өткізілген сұйытылған газ және астық бағаларының көрші елдегі нарықтық бағадан 10-25%-ке төмендетілгені анықталды. Мұндай тексеру тек 2019 жылы жүргізілген. Енді тауар биржаларында жасалған мәмілелерді бақылау мемлекетке қайтарылатын болады. Тағы оған қатысушы тараптардың өзара байланысы кеңейтіледі. Себебі кейбір ірі салық төлеушілер экспортталатын өнімді сату кезінде түрлі делдалдық құрылымдар құрып, «қатысымыз жоқ» деп жатады. Бұдан былай тиісті заңнаманың арқасында мемлекет мұндай компанияларды анықтап, салық тетіктерін қолдана алады. Бүгін бұл сұрақтар Мәжілісте қаралып, трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша заң екінші оқылымда қабылданды.

Әділ Жұбанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасын жұмыс тобының отырыстарында қарау барысында жекелеген нормаларды жетілдіру мақсатында бірқатар түзетулер қабылданды. Оның ішінде мониторингке жататын мәмілелер мониторингі бойынша есептілік ұсынылатын мәмілелер арасындағы аражікті көздейтін негізгі есептілікті ұсыну жөнінде талаптарға қатысты норманы нақтылайтын түзетулер қабылданды.

Сондай-ақ Мәжілісте бағалардың нарықтық диапазонын жетілдіру жайы да қаралды. Қазіргі заң бойынша бағалардың диапазоны ең төменгі және ең жоғары болып айқындалады. Енді бұны өзгерту ұсынылып отыр. Мәселен, отандық компания шетелдік трейдерге 10 млн долларға 1 мың тонна металл сатады. Кейін трейдер оны Еуропа елдеріне 12,5 миллион долларға қайта сатады, сондағы маржа 25%-ке жетеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес трейдер маржасы 1%-тен 30%-ке дейін барады. Енді оны 10% және 20% аралығында ұстау ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, экспорттаушыларға нарықтық бағаны анықтау әдісін таңдауға рұқсат беру көзделген. Себебі қазір бағаны анықтау тәсілдерін қолдану иерархиясы бар, - дейді депутаттар. Сондықтан бұл олқылықтар алынып тасталатын болады.