Бизнестің адалдығын тексеріп беретін жүйеге ақпараттық шабуыл жасалған

Адал бизнесті айқындап беретін бағдарламаға ақпараттық шабуыл жасалған.

Кейбір кәсіпкерлер, әлеуметтік желіде жалған ақпарат жазып, қоғамда теріс пікір қалыптастырған. Ал арнайы маманның айтуынша, пилоттық жобаның берері мол. Серіктес іздеген кәсіпкерлер, контрагенттің тарихын өз бетінше тегін тексере алады.

Кәсіпкермен серіктестік, тауар жеткізу, бірлескен жобалар. Бизнесте келісімшарт жасау үшін, бірінші барлығын тексеріп, контрагенттің сенімді екеніне көз жеткізу маңызды. Ал пилоттық жоба кәсіпорынның іскерлік беделі жайында жылдам ақпарат алуға мүмкіндік береді. Себебі оған тәулік бойы жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың деректер базасы тіркелген.

Рустам Жерсінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі:

- Мемлекеттік 52 дерек базасы біріктірілді. Соның ішінде салық органдарынан ақпарат алу. Бұл деректер базасында 40 түрлі параметрді қамтитын салық төлеушінің индексі бар. Есептік жазбалар бұғатталған ба? Салық төлеушінің берешегі бар ма? Тіркеу заңсыз деп танылды ма? Ақпаратқа тез қол жеткізесіз. Олар жасыл, қызыл, сары аймақтар бойынша бағаланады.

Яғни кәсіпкерлердің осы салада дұрыс қалыптасуын қадағалайды. Салықты ұмытса, ескертеді. Жобада ең төменгі көрсеткіште тұрғандарға ешқандай шектеулер қойылмайды. Себебі 10 күн сайын олар жайында ақпарат жаңартылып отырады. Осылайша нарықта салықты уақытында төлейтін, заңсыз әрекеттерге бар қоймайтын әділ кәсіпкерлер көбейеді, дейді жоба жетекшісі.

Ерлан Сексенбаев, жоба жетекшісі:

- Егер IDN туралы айтатын болсақ, бұл салық төлеушінің деректеріне негізделген модель, IDN үш аймаққа бөлінген. Мұнда жасыл сіздің әлеуетті контрагентіңіздің таза екенін білдіреді. Егер сіздің контрагентіңіз қызыл аймақта болса, бұл оның салық кодексін бұзушы болғанын немесе болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Соңғы екі жылда салық органдары транзакцияларды жарамсыз деп тану туралы 6 мыңнан астам талап-арыз берген. Олардың басым бөлігі ғұмыры қысқа кәсіпкерлер. Сондықтан тосыннан болатын тосқауылдарды бағдарлама еске салып отырады. Оны қолдануышлардың саны күн санап артуда. Қазір 5 мың.

Диана Қадыр, Ержан Рахманбердиев