Баянауылда жас кәсіпкер қымыз өндірісін қолға алды

Баянауыл ауданында жас кәсіпкер қымыз өндірісін қолға алды. Ол мемлекеттік бағдарламаға қатысып, азын-аулақ қаржыға сауын аппараты мен күбі пісетін құрылғы алған, деп хабарлайды 24KZ.

Кезінде әкесі бастап берген мал шаруашылығын дамытуға кіріскен Ернар Қалымбек: «Баянауыл қымызы» деген бренд қалыптастырсам», – деп армандайды.

Ернар Қалымбектің ата қонысы – бұл. Бүгінгі күні төрт түлігін түлетіп, түтінін түтетіп отыр. Шаруаның тізгінін ұстауға жастайынан әкесі баулыпты. Ерінбей еңбек еткен адамға мал көл-көсір табыс көзі, – дейді ол. Былтыр жылқы фермасын құрған. Ал кәсібін  бастау үшін мемлекеттік бағдарламаға қатысыпты. 

Ернар Қалымбек, кәсіпкер:

- Қазіргі таңда осы «Бизнес Бастау» деген бағдарламаның грантын ұтып, 1 миллион 200 мың қаржылай ақша, соған бие сауатын аппараттар алдық. Сауатын аппарат, пісетін аппарат. Сол қазіргі таңда Баянауыл ауданын қымызбен қамтып отырмыз.

Қымызды бабына келтіру үшін әр екі сағат сайын пісіп отыру керек. Алынған  құрылғылар жұмысты біршама жеңілдеткен. Ұлттық сусынға сұраныс көп. Жас жігітті осының өзі қанаттандыра түскен. 

Ернар Қалымбек, кәсіпкер:

- Биыл, Алла жазса, 30 бие сауамыз ба деп отырмыз. Қымызымыз өте сұранысқа ие және «Баянауыл қымызы» деген жаңа құтымен, этикеткамен шығарғамыз. Астанаға көп сұрайды. Астана қаласына, Қарағанды қаласына, Ақтауға да 3 рет жібердім.

Былтыр облыс көлемінде «Бизнес Бастау» жобасы аясында 443 грант берілген екен. Қайтарымсыз қаржыны ауыл тұрғындары көбіне мал мен құс өсіруге алады.

Альмира Дисюпова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы :

- Өткен жылы Баянауыл ауданына 30 грант берілген болатын. Көбінесе берілген гранттар ауыл шаруашылығына және де осы сүт өнімдерін, ірі мал өнімдерін өңдеу бойынша кәсіпті ашу бойынша берілген.

Қайтарымсыз грантпен кәсіп ашқан Ернар Қалымбек 15 биеден күніне 50 литр сүт сауыпты. Қымыздан мол  табыс тапқан ол жаңа маусымда сауын бие  санын екі есе көбейтіп, қосымша құрылғылар алуды жоспарлап отыр.  

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев.фф