Қазақстанға қай елдің азаматтары көшіп келді?
Елімізде халықты жұмыспен қамту шаралары ширап келеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл еңбекке тартылған азаматтардың саны былтырғы жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 134 мың адамға көбейген. Оның жартысынан көбі – жалдамалы қызметкерлер.
Жұмыспен қамтылғандардың көбі сауда, білім беру, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істеп жүр.
Еңбек нарығындағы ахуал
Еліміздің еңбек нарығында 9 млн 600 мыңнан астам адам жұмысқа жарамды. Оның 95,3%-і жұмыспен қамтылған. 7 млн адам жалдамалы еңбекте болса, 2 млн 200 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.
Былтырғы жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда биыл жалдамалы қызметкерлердің саны 81 мың адамға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 55 мыңға артқан. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың наурыз айының соңында халықты жұмыспен қамту органдарына 68 мыңнан астам адам жүгінген. Осы бағытта 32 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, 6 мыңға жуық адам кәсіптік оқытуға жіберілген. 2023 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда қазір жұмыссыздық деңгейі 0,1% төмендеп, 4,7% құрады.
Жұмыспен қамтылғандардың саны артып келе жатса да, кейбір мамандық иелерінің тапшылығы айқын байқалады. Сол себепті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелдік мамандарға Қазақстанда тұрақты тұруға мүмкіндік беретін кәсіптер тізімін жариялады. Онда дәрігерлер, ІТ мамандары мен инженерлерге сұраныстың жоғары екенін көруге болады.
Нақтырақ айтсақ, тізімде нейрохирург, гематолог, онколог, неонотолог, эндокринолог сынды мамандандырылған дәрігерлер бар. Оған қоса авиация, органикалық және бейорганикалық заттар технологиясы, фармацевтика және өзге де жаратылыстану бағытындағы инженерлер де қажет көрінеді. Сондай-ақ мобильді қосымшалар, компьютерлік ойындар, жасанды интеллект, Big Data секілді салалардағы шетелдік ІТ-мамандарға Қазақстанда тұрақты тұрып, қызмет етуге болады. Бұдан бөлек, инженерия бойынша оқытушылар мен графикалық дизайнерлер де тізімге ілінген.
Осы орайда елімізге қай елдің азаматтары тұрақты тұруға келеді деген сұрақ пайда болады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанға 25 мыңнан астам шетелдік келген. Бұл елден кеткендерден 9300 адамға артық. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында елімізге сырттан 7,5 мың адам қоныс аударған. Бұл көшіп кеткен адамдардан екі есе көп.
Биыл да ТМД елдерінен келгендердің үлесі басым – 75,6%. Қазақстанға қоныс аударғандардың көбі Ресей Федерациясынан келген – 2 309 адам. Одан соң рейтингке таяудағы көрші елдер жайғасқан. Өзбекстаннан 2137, Қытайдан 750, Моңғолияда 530 адам келген. Елімізде тұрақты тұруға Украина, Түркия, Германиядан да жүз кісіден көшкен. Бұдан бөлек, АҚШ, Израиль, Оңтүстік Кореядан да көшіп келгендер бар. Сырттан келгендердің дені Алматы қаласы, Маңғыстау мен Алматы облыстарын таңдайды екен.