Су мәселесі. 600 млн теңге 6 жылға жетпеді
Жамбыл облысында республикалық бюджет есебінен салынған ауызсу жүйесі істемейді.
6 жыл бұрын пайдалануға берілген станция алғашында Есейхан ауылына тіршілік нәрін берген. Кейін құбырлары ажырап жұмысын тоқтатты. Енді тұрғындар қайтадан ауладағы жер құдықты пайдалануға мәжбүр. Желінің істен шығуына не себеп? Мәселе қашан шешіледі?
Есейхан ауылына таза ауызсу желісін жүргізу үшін бюджеттен 600 миллионнан астам теңге бөлінген. Сөйтіп су мұнарасы салынды. Бірақ тұрғындар әлі күнге тіршілік нәрінен тарығып отырмыз деп қапалы. Расымен де нысан жұмысын тоқтатқан. Есігінде қара құлып тұр.
Ауылға таза ауызсу келгенде халықтың қуанышында шек болмады. Бірақ қалыпты жұмыс істеген су станциясы соңғы 3 жыл бойы тоқтап тұр. Мердігер алғашқы 3 жылда кепілдік аясында жөндеп отырған, алайда оның мерзімі өтіп кеткенде ешкімнің шаруасы болмаған. Соның кесірінен қазір тұрғындар ауызсуды құдықтан тасып ішуге мәжбүр. Оның суы қыстыгүні қатып, жазда тартылып қалады.
Қуаныш Омаров, Есейхан ауылының тұрғыны:
- Құдық міндетті түрде қатады ғой. Қатады, одан кейін қаладан адамдарды шақыртамыз, оны ерітеміз. Қазамыз. Мынау үйдің алдына асфальт төсегенмін бір жылдары. Сол асфальттың бәрін қайтадан құрттық қой, су қатқанның кесірі.
Жергілікті биліктегілер су проблемасы барын мойындайды. Станция салынған жерде су қоры жеткілікті деп отыр. Бар мәселе сол басты сорғы станциясының ауыл деңгейінен 40 метр төмен, әрі елді мекеннен 4 шақырымдай қашықта орналасуында. Бірақ жоба бойынша тартылған полиэтилен құбырлар іс жүзінде қысымға шыдас бермей, ажырап кетеді. Енді қордаланған мәселе биыл шешімін табады, дейді құрылыс бөлімінің басшысы.
Дамир Жаманбаев, Талас аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Екінші деңгейдегі насос станциямызға 250-лік резервуар соғу қарастырып отырмыз. Себебі бірінші ауылға бірден қысымды бермей, сол 250-лі резервуарға суды жинап, одан кейін барып ауылға кіші насоспен бактерияцитканың жанынан қойып ауылға суды жіберу қазір жоспарымызда бар. ЖСҚ әзірлеп қойдық қазір.
Ауызсудан бөлек жарық бағаналары мен электр желілерінде туындайтын ақауларды толық қалпына келтіру көзделген. Бұған аудандық бюджеттен қосымша 37 миллион теңге бөлінеді. Белгіленген жұмыстар жүзеге асырылса, ауылдағы 180-ге жуық абонент тамыз айында тіршілік нәріне қосылады.
Мерей Бает, Елдар Байділдә, 24.KZ, Жамбыл облысы