Кәсіпкерлер салық төлеу жүйесін оңтайландыруды сұрайды

Шағын кәсіп иесі салығын оңай төлеуі керек. Бизнес қауымдастық осындай үндеу тастады.

Яғни, жүйе барынша оңтайланып, барлық алымдар бір төлемнің ішінде болуға тиіс. Сонда салық төлеушілер саны көбейіп, көлеңкелі бизнестің тамырына балта шабылады. Кәсіпкерлер жаңа кодекске тағы қандай өзгеріс енгізуді сұрайды?

Көлік қызметкерлері қауымдастығының басшысы Медет Құрманов такси қызметімен заңсыз айналысатындар көп екенін айтады. Оған саладағы қағазбастылық кедергі. Сондықтан азаматтардың жолаушы тасымалымен ресми айналысуға құлқы жоқ. Біріншіден, жеке тұлғалардың жұмыс істеу механизмдері толық реттелмеген. Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің машақаты көп, – дейді ол.

Медет Құрманов, Астана қаласы көлік қызметкерлері қауымдастығының төрағасы:

- Деклорация тапсыруы керек. Менде 200 мыңдай табыс болды дегендей. Енді 200 мыңнан ол салық төлеуі керек. Әлеуметтік төлем бар. Зейнетақысы бар және де медицина жүйесіне де төленуі керек. Енді оны есептеу керек. Табысқа қарай. Одан бөлек, осы 4 жүйеге жеке «платежка» енгізіп төлеу керек. Енді осы кісі жеке тұлға осының бәрін жасай ала ма? Осындай сұрақтар көп.

Маман саланы реттеу үшін барлық алымдарды бір төлемнің ішіне енгізу қажет деп санайды. Сонда жүргізушілер табысын ашық көрсетуден қашпайды, – дейді ол. Бұл пікірді бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлер де қолдайды. Олардың айтуынша, қарапайым дүкен иесіне бухгалтерлік есептерді жүргізу қиынға түседі. Ал құжат қате толтырылса, жаза арқалауы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік органдардан жүйені оңтайландыруын сұрайды.

Марина Бошель, бөлшек сауда және тамақтану қауымдастығының президенті:

- Кассалық аппарат пен пост-терминалдарда жасалған қаржылық операциялар туралы ақпарат сақталып тұрады. Мемлекеттік органдар осы деректердің негізінде бізге салық сомасын есептеп, хабарлама жіберсе, жұмысымыз жеңілдеуші еді. Себебі көп кәсіпкер қателік жіберіп алудан қорқып, арнайы маман жалдауға мәжбүр. Ал егер салық көлемімен келіспесе,  құжаттарын апарып, қайта есептетуіне болады.

Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы: «жүктемені жеңілдету үшін Салық кодексіне өзгеріс енгізу керек», – дейді. Ол үшін салық төлеушілерді 3 категорияға бөлу ұсынылды. Алдымен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін автоматты түрде ұсталып отыратын бірыңғай төлем енгізу керек. Бірақ осы санатқа енген азаматтардың жылдық табысы 15 млн-нан аспауы тиіс. Ал шағын және орта бизнес үшін бір ғана төлем енгізген жөн. Бірақ...

Дастан Қазиев, «Атамекен» ҰКП салық кеңесшісі:

- 400 қызмет түріне сәйкес келетін ғана кәсіпкерлер ол режимді пайдаланады. Ал қалғандары пайдалана алмайды. Бұны біз «ақ тізім принципі» дейміз. Енді біз бүгін, керісінше, «қара тізім принципіне» өткіміз келіп отыр. Өйткені ақ тізімде өте көп шекаралық қызмет түрлері бар. Мысалы, жаңағы бөлшек салықтың тізімін алып қарасаңыз, сондай қызмет түрлері өте көп.

Әрі баршаға ортақ салық мөлшерлемесінің енгізілуі кәсіпкерлердің көлеңкеден шығуына түрткі болады. Сондай-ақ ірі бизнес өкілдерін кәсібін кеңейтуге ынталандыру механизмдерін енгізу керек. Нәтижесінде салық төлеушілердің саны артып, көлеңкелі сектордың үлесі азая түседі, – дейді сарапшы. Әзірге бұл ұсыныс жан-жақты сараланып жатыр.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Мұрат Әріпханов, Бағдат Қайыркен.