ЕАЭО аясында бірлескен жобалар қаржыландырылады
Еуразиялық экономикалық одақ елдері аясында бірлескен жобаларды қаржыландырудың жаңа тетігі пайда болады.
Тиісті келісімге енгізілетін өзгерістерді Сенат депутаттары мақұлдады. Ондағы ережеге сай, Одаққа мүше мемлекеттердің бизнес жобалары ұйым бюджетінің есебінен қаржыландырылады.
Бұл мақсатқа жалпы түсімдердің 10%-ы бағытталмақ. Ал бір жобаға арналған шекті субсидиялау көлемі жылына 1,9 млрд теңгені құрайды. Несиенің базалық мөлшерлемесі 6 жарым пайыздан аспайды.
Қаржыландырудың тағы бір талабы - одаққа мүше үш немесе одан көп елдің, өзара бірлескен жобалары қатыса алады. Мақұлдау туралы шешімді Еуразиялық экономикалық комиссия шығарады.
Бүгінде еліміздің бизнес өкілдері ұсынылатын жобалардың тізімін жасақтап жатыр.
Жәннат Дүбірова, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Біріншіден, біз кооперациялық жобалардың тізімін кеңейтіп жатырмыз. Екіншіден, қосымша қаржыландыру отандық бюджет, жергілікті банктердің несиесі есебінен емес, бұл - Еуразиялық экономикалық одақ бюджетінен болады. Ол өз кезегінде, демпингке қарсы және өтемақы шараларынан құралады. Бұл бізге сырттан келетін қосымша инвестиция, сонымен қатар қазақстандық бизнес үшін базалық мөлшерлемесі төмен әрі тиімді болады.