Тасқынмен күрес. Қанша көмек берілді?

Бұл көктем елге оңай болмай тұр. Тасқынмен күрес әлі жүріп жатыр.

Жайықтың мол суы Оралдан өтіп, Атырау өңірін әлекке салып жатыр. Ең бастысы судың келер уақытын болжап, бірнеше шақырым бөгет тұрғызылды. Ел болып көмек жиналды. Халықтың бірлігі көрінді. Тіпті шетелдерден де гуманитарлық жүктер келді. Қол көмегін де аяп жатқан жоқ. Қиындыққа мойымаған ел бірлігінің бір көрінісін баяндасақ.

Атырауда алғаш су тасығанда, елдің дағдарып қалғаны белігілі. Сол кезде әр жерден азаматтар көмекке келді. Бірі – көлігін, құрал-сайманын, бірі – азық-түлігін алып жетсе, енді біразы – күн-түн қатып бөгет тұрғызды.

Тасқынның алғашқы толқыны кезінде асығып жеткендірдің бірі – дағыстандық Омарасхаб Ахмедов. Ол Атыраудағы жағдайды естіген бетте, сондағы ағайынды ұйымдастырып, 50 мың қап алып, жолға шыққан. Сөйтіп 24 сағат жол жүріп, Атырауға жетеді. Әрине, еңбегін бұлдап, әкелген қабына ақша сұрамаған.

Омарасхаб Ахмедов, Дағыстан азаматы:

- Заманында суықта, ызғарда, аштықта, біздің бабаларымыз, әжелеріміз осы жаққа айдалып келіп, тұрар жер, ішер тамақ болмағанда қазақ ағайындарымыз үйіне кіргізді, өзіндегі азғантай тамағымен бөлісті. Сондықтан мен және Дағыстан халқы қазақтарға қажет кезде көмектесуге міндеттіміз деп есептеймін. Қолымнан келгенін жасаған болдым.

Жәрдем пункттері ашылған күннен бастап Атырау облысына 980 тоннаға жуық гуманитарлық көмек келді. Оның біраз бөлігі көршілес 5 мемлекеттен жеткен.

Асухан Назымбеков, Атырау қаласының жастар ресурсы орталығы кеңес беру бөлімінің басшысы:

- Бізге Қырғыз Республикасы 90 тонна алғашқы көлік жіберді. Одан бөлек Өзбекстан, Тәжістан, көршілес Астрахань облыстарынан гуманитарлық көмектер келіп жетті. Содан кейін Ресей қазақтарынан, әр облыс, республикалардан орта есеппен 17-20 тоннаға жуық көмек келді.

Мемлекет басшысы еліміздегі бизнес өкілдерін де төтенше жағдайдан зардап шеккендерге көмектесуге шақырған еді.

Сәуір айынан бастап «Қазақстан халқына» қорына тұрғын үй салу үшін мейірімді азаматтар, жеке, мемлекеттік және шетелдік компаниялардан 6,4 млрд теңге жиналған. Бұған дейін қор резервінен 10 млрд теңге бөлінген еді. Қазіргі таңда 5 аймақта 550 тұрғын үй салынып жатыр.

Атап айтсақ, Батыс Қазақстан облысында – 114, Қостанай облысында – 68, Ақтөбе облысында – 80, Ақмола облысы – 87 және Солтүстік Қазақстан облысында – 200, оның 100-і «Қазақмыс» компаниясының қаржыландыруымен тұрғызылады.

Сонымен қатар су тасқыны зардабын жою үшін ірі көлемде қаржы аударған отандық компаниялар тізімін ұсынамыз. Олардың қатарына мемлекеттік және жекелеген қорлар, екінші деңгейлі банктер мен өнеркәсіп орындары кіреді.

Атап айтсақ, «Самұрық-қазына» қоры – 15 млрд, Болат Өтемұратов қоры – 10 млрд, Теңізшевройл – 2, Шеврон – 1,3, Halyk тобы, Freedom холдинг груп, Air Astana тобы 1 млрд теңгеден берген.

Тізімде бұлардан кейін Каспий банк тұр – 620 млн теңге. Астана моторс, BI group, Аллюр-казтехна, QARMET және Еуразиялық топ 500 млн теңгеден ұсыныпты. Жусан банк 300, Банк центр кредит пен Еуразиялық банк 200 млннан, ал RBK банк, Qazaqoil 150 млн теңге аударды.

Мөлдір Молдағали, 24.KZ