Қытайда АХҚО Соты мен ХТО кеңсесі ашылды
Бейжіңде Астана халықаралық қаржы орталығының Соты мен Халықаралық төрелік орталығының кеңсесі ашылды.
Енді Қазақстандағы Қытай инвесторлары дау туындаған жағдайда мәселені өз елінде шеше алады. Бұл бизнес өкілдерінің сенімін арттырып, елімізде тиімді инвестициялық ахуал қалыптастыруға ықпал етпек.
Қазір көрші мемлекетте шетелдегі бизнесті дамыту жөніндегі Қытай қауымдастығының халықаралық конференциясы өтіп жатыр.
- Астана Халықаралық Қаржы Орталығы Сотының негізгі қызметі қандай болады? Оған кімдер жүгіне алады? Қазақстан қандай келісімдерге қол жеткізді?
Р.Бақытбекұлы, тілші:
- Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған дейін берген тапсырмаларының жалғасы. Институт коммерциялық дауларды шешуде елеулі қызмет атқарады. Президент еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететін негізгі тәуелсіз институт ретінде дамыту керектігін тапсырған. Халықаралық құқықтың үздік тәжірибесін енгізу бүгінде аса маңызды боп тұр. Әлемдік деңгейдегі жаңа кеңсе инвесторлардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Сенімділігін артырады. Қазақстанға инвестицияны қорықпай салуларына түрткі болады.
Мұндай кеңселер Еуразияның сегіз елінде Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан және Өзбекстанда бар. Тоғызыншы болып Қытайда ашылып отыр. Олардың жұмысы Қазақстанда бизнес жүргізетін инвесторлардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Астана халықаралық қаржы орталығының Соты мен Халықаралық төрелік орталығында кейінгі 6 жылда 2600-ден аса іс қаралған. Нәтижесінде инвестордарға қатысты даулар 100 пайыз оң шешімін тапқан. Соның ішінде қытайлық инвесторларға қатысты 20 іс қаралып, сәтті шешілген. Көбі құрылыс жобаларына, сату шарттарына қатысты түскен. Енді мұндай мәселелер Қытайдағы кеңседе қаралатын болады. Оған қатысты Кристофер Кэмбелл-Холт сұхбатында былай деді:
Кристофер Кэмбелл-Холт, АХҚО соты және ХТО тіркеушісі, аппарат басшысы:
- Қазақстанда бизнес жүргізетін немесе жүргізуді жоспарлап отырған қытайлық компаниялардың Сот және Төрелік қызметін тұрақты пайдалануын қамтамасыз етеміз. Сапар барысында тәжірибелі халықаралық төрелік және дауларды шешу орталықтарымен, заңгерлермен, қытайлық кәсіпкерлермен кездесулер өткізіп, ынтымақтастық жайлы келісімдерге қол қойдық. Басты мақсат - коммерциялық дауларды халықаралық стандарттар бойынша тәуелсіз шешуді қамтамасыз ету арқылы, инвесторларға қолайлы жағдай туғызу. Қазақстанға инвестициялар тартуды көздеп отырмыз.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Кеңсе Қытайдың қақ ортасындағы China World Tower ғимаратында орналасқан. Сот процестеріне Қазақстан бюджетінен бір тиын бөлінбейді. Барлық шығынға қатысты мәселелер қытайлық серіктестермен ынтымақтастық келісімі арқылы шешілген.
Қазір Бейжіңде шетелдегі бизнесті дамыту жөніндегі Қытай қауымдастығы CODA халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Оған әлемнің 110 мемлекетінен 20 мыңнан астам бизнес өкілдері келген. Қазақстандық делегация Еуразиядағы озық институттардың бірі ретінде өз позициясын нығайту мақсатында CODA қауымдастығымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ еліміздің инвестициялық әлеуеті таныстырылды.
Шахрат Нұрышев, ҚР Қытайдағы төтенше және өкілетті Елшісі:
- Қазақстан 2024 жылы сирек кездесетін металл өндірісіне ерекше көңіл бөліп отыр. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сай бүгінгі таңда Қазақстанда жалпы сомасы 46 триллион АҚШ доллары болатын 5 мыңға жуық зерттелмеген кен орындары бар. Біздің елде 34 маңызды шикізаттың басым бөлігі өндіріледі. 2029 жылға қарай пайдалы қазба өндірісін 40 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Ауылшаруашылығы саласында да мүмкіндіктер жоғары. Ауыл шаруашылығы алқаптарының аумағы 200 млн гектардан асады. Қазақстан қытайлық инвесторларға әркез ашық. Экономиканың түрлі саласынада бірлесіп жұмыс істеп, жаңа мүмкіндіктер ұсынуға дайын.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Бұл халықаралық конференция бірнеше күнге жалғасады. Қазақстандық делегаттар түрлі компания, қауымдастық өкілдерімен кездесулер өткізіп, бірқатар келісімдерге қол жеткізіледі деп күтілуде. Бейжіңде міне осындай жаңалық болып жатыр.