Елімізде фармацевтика саласында 29 өндіріс орны ашылады
Дәрі-дәрмек нарығындағы отандық үлес – 14%. Ал, сұраныс жыл сайын артып келеді. Үкімет отырысында осы саланы дамыту жайы қаралды, деп хабарлайды 24KZ.
Бүгінде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың өндірісін арттыру үшін бірқатар инвестициялық және салықтық қолдау шаралары қарастырылған. 2025 жылға дейін жергілікті үлесті 50%-ғке жеткізу міндеті қойылып отыр. Былтыр қазақстандық фармкомпаниялар 144,3 млрд теңгенің өнімін шығарған. Оның ішінде 7,9 млрд теңгенің өнімі экспортталды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Фармацевтика өнімдеріне он жылға мемлекеттік тапсырысқа кепілдік беру тетігі арқылы біздің кәсіпорындар жаңа өндірістерді іске қосуға немесе қолданыстағы өндірістерді жаңартуға мүмкіндік алады. Денсаулық сақтау министрлігі технологиялар трансферті және жаңа өндірістерді локализациялау үшін жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен байланыстарды күшейтуі керек. Сонымен қатар биылғы 1 шілдеден бастап дәрілік заттарды таңбалап, олардың тіркеу куәліктерін Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сәйкес келтіруі қажет.
Фармацевтика саласында 29 өндіріс орны ашылады
Денсаулық сақтау вице-министрі Жандос Бүркітбаев елімізде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың 29 жаңа өндіріс орнын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Ол үшін инвесторлармен келіссөздер жүруде. Шетелдік Roche, Pfizer, «AstraZeneca» компанияларының өнімдері біздің елде шығарылады. Тағы бірқатар өндірушімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді. Инвестициялық штаб фармацевтика саласында ұзақ мерзімді келісімшарттар орнату бойынша жұмысын жалғастыруда.